«Ана мен бала» орталығында онкологиялық ауруды жеңген балалар арасында спорт жарыстары өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Балаларды қорғау күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында 1-2 маусым күндері «UMC» КҚ «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының онкология және бүйрек пен бауыр трансплантациясы бөлімшелерінің бұрынғы пациенттері арасында Чемпиондардың алғашқы республикалық ойындары - спорт жарыстары өтеді

«Ана мен бала» орталығында онкологиялық ауруды жеңген балалар арасында спорт жарыстары өтеді

Жарыстар жеңіл атлетика (жүгіру, 60 м), «Асық ату» ұлттық ойыны, үстел теннисі, ату (пневматикалық винтовка, 10 м), футбол (мини-футбол), шахмат (Швейцария жүйесі бойынша), боулинг секілді спорт түрлерінен өтеді.

Ойынға 3 жастан 16 жасқа дейінгі ауруды жеңген 106 бала қатысады. Аталған іс-шараның басты мақсаты - аурумен ұзақ уақыт бойы күресіп, оны жеңген балаларға өмірге қайта оралуға және аяғынан тұруға көмектесу.

Қазақстанда ойындарды өткізу бастамашысы - «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы. Орталыққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру кеңсесінің қолдау көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, іс-шараға қазақстандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Қазақстанның Х-фактор байқауының жеңімпазы Дильнура Біржанова, Ерлан Көкеев және спорт қайраткерлері - бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Қазақстандағы ЮНИСЕФ елшісі - шахматтан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова қатысады. Жарыстар 1 және 2 маусым күндері сағат 09.00-де Қабанбай батыр даңғылы, 47 мекенжайы бойынша орналасқан «Алау» мұз айдыны алаңына өтеді.