«Ана үйi» дағдарысқа ұшыраған жас аналардың елу пайызының отбасына оралуын қамтамасыз етті

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін «Ана үйi» Қоғамдық қоры екі жылдық қызметінің қорытындыларын шығарып, өздерінің даму бағытын саралады. Бұдан бөлек Қордың алдағы даму стратегиясындағы өзгерістер бекітілді.

«Ана үйi» дағдарысқа ұшыраған жас аналардың елу пайызының отбасына оралуын қамтамасыз етті

«Қордың белсенді қызмет еткен екі жылы ішінде республикамызда 1007 бала балалар үйінен алынды. Өйткені, бұл дегеніңіз еліміз бойынша жетім балалар саны ғана емес, балалар үйлерінің саны да төмендей бастады деген сөз», - деді «Ана Үйі» Қоғамдық қоры бастамашыларының бірі Айдын Рахымбаев. Оның сөзіне қарағанда, Қордың даму стратегиясындағы маңызды өзгерістердің бірі дағдарыс орталықтарының форматын әйел-аналар үшін 18-ден 22-ге дейін арттыруда болып отыр. Яғни, қамқорлыққа алынатын аналар саны да арта түспек. Айта кетерлігі, дағдарыс орталығы қызметінің тиімділігін өз отбасына оралған әйелдердің көрсеткішімен түсіндіруге болады. Мәселен, биылдың өзінде «Ана Үйі» өз қамқорлығына алған жас аналардың елу пайызын отбасына оралуын қамтамасыз еткен.

«Сөз жоқ, «Ана Үйін» дамыту республикалық статистикаға әсер етеді. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша ағымдағы жылдың өзінде Қазақстандағы жетімдер үйінде тәрбиеленушілер саны он пайызға азайған», - дейді жоба әріптестерінің бірі «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Жақсыбек.

Тоқтала кететін жайт, «Ана Үйі» алдағы уақытта өзіне қамқорлыққа алынғандарды ең жоғары әлеуметтік бейімдеуге күш жұмып, білім бағдарламаларымен де қамтымақ. Яғни, енді әрбір «Ана Үйінде» дағдарыс орталығына түскен жас аналарды бухгалтерия, қонақ үй бизнесі, тігін шеберлігі, компьютерлік сауаттылық, шаштараз өнері секілді мамандықтарға оқытылады. «Бұндай стандарттарды барлық 27 үйге енгізуді жоспарлаймыз. Біздің мақсатымыз жалғыз басты аналарға қол ұшын беріп, оларға пана болу ғана емес, олардың ертеңгі күніне деген сенімді берік ету», - дейді Қордың атқарушы директоры Нәдия Борамбаева. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмаған жас аналар мәселесі өте өзекті болып отыр. Мәселен, екі жыл ішінде «Ана Үйіне» кәмелетке толмаған аналар түсуінің 15 оқиғасы тіркелген.