«Ана және бала ұлттық зерттеу орталығы» АҚ-ның атқарушы директорының үстінен қозғалған қылмыстық іс тергелуде - Қаржы полициясы
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - «Ана және бала ұлттық зерттеу орталығы» АҚ-ның атқарушы директорының үстінен қозғалған қылмыстық іс тергелуде.
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік сатып алулар бойынша тендерлерді ұтуға көмек көрсеткені үшін пара алу шенеуніктерге кәсіпкерлердің арқасында заңсыз баюының тағы бір кең тараған жолы болып отыр.
Мәселен, Қаржы полициясы «Ана және бала ұлттық зерттеу орталығы» АҚ атқарушы директоры Т.Ордабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеуде.
«Ол ЖШС-лардың бірінің директорынан мемлекеттік сатып алу бойынша сайыстың жеңімпазы атану үшін 1 млн. 700 мың теңге пара алған деген айыппен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оның басқа да сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға қатыстылығы тексерілуде», - деді ол.