«Анадолы» агенттігіне 98 жыл толды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркиядағы ірі ақпарат агенттігі «Анадолы» агенттігінің құрылғанына бүгін тура 98 жыл толды.
«Анадолы» агенттігінің құрылуы Түрік Республикасының тарихымен үндес. Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісіне (ТҰҰМ) 17 күн қалғанда, 1920 жылдың 5 сәуірінде ашылған агенттік ТҰҰМ ең алғашқы заңдары туралы бірінші болып хабар таратып, кейін Ұлттық күрес пен Азат ету соғыстарының, Республика жылдарындағы төңкерістердің куәсі болды.
Агенттіктің құрылу тарихына қатысты деректерге сүйенсек, Ыстанбұлды толығымен жаулап алу және Meclis-i Mebusan-ның (парламент) жабылуына байланысты Мұстафа Кемал Ататүрік барлық облыстарға Анкарада өткізілуі тиіс сайлау туралы хабар таратады. Ыстанбұлда қалу ендігі кезекте мүмкін емес екенін түсінген интеллигенция да біршама уақыттың ішінде Азат ету күресіне атсалысуға барын салған. Жағдайдың осылай қарай ойысуы «Анадолы» агенттігінің өмірге келуінің алғышарты болған.
Екі бөлек құрамда Анкараға жол тартқан журналист Жүніс Нади мен журналист-публицист Халиде Едип (Адавыр) 31 наурызда Гейведе Мұстафа Кемал Ататүрікпен кездеседі. Теміржол стансасына тоқтаған уақытта осылайша Анкараға бірден жетісімен «агенттік ұйым» құру туралы келісіледі. Болжамды нұсқалардың ішінде агенттікке «Түркиялық», «Анкара» немесе «Анадолы» деп ат қою жоспарланған. Ақыры, құрылтайшылар «Анадолы» атауын таңдайды.
«Зираат мектебіндегі» Мұстафа Кемал Ататүріктің штаб-пәтерінде (қазіргі уақытта ол жерде Мемлекеттік метеорологиялық қызметтің ұжымы отыр) «Анадолы» агенттігін құру мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, бұл оқиға 1920 жылдың 6 сәуіріне тұспа-тұс келген.
«Анадолы» агенттігі Азат ету соғысы кезінде ең күрделі тапсырмаларды орындады. Онсыз да әлемде болып жатқан жаңалықтардан мақұрым қалып, қарумен жерін қорғаған халыққа уақтылы ақпарат жеткізіп, елді сырттан келген ақпараттық саясаттан қорғау керек болатын. Ал ел сыртында «Анадолы» агенттігі түріктердің бүкілхалықтық күресін жүргізіп, түрік халқының азат болу ниетін білдіріп отыруы керек еді.
1925 жылдың 1 наурызында Ататүріктің бұйрығымен «Анадолыны» батыс типіндегі жаңалықтар агенттігіне айналдыру үшін «Анадолы» Түрік агенттігі корпорациясы құрылды.
«Анадолының» қазіргі уақытта әлемнің 36 елінде меншікті тілшілер қосыны бар. Агенттіктің жаңалықтары түрік, албан, ағылшын, араб, босния, күрд, македон, парсы, орыс және француз тілдерінде шығып тұрады. Ақпараттық агенттік француздық ірі Agence France-Presse бастаған белді ақпарат агенттігімен серіктесе жұмыс атқарады.
Еске сала кетсек, «ҚазАқпарат» ХАА - «Анадолы» ақпарат агенттігімен ынтымақтастық орнатқан Қазақстандағы негізгі серіктесі болып табылады.