Аналар алтыннан алқа тақты - Семей

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Семейде қала әкімдігі ғимаратында көпбалалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталып, құрмет көрсетілді.

Аналар алтыннан алқа тақты - Семей

Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Амантай Доғалақов он бір анаға алтын және күміс алқасын тағып, өз құттықтауларын жеткізді, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен..

Алқа алған аналар бұдан былай қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алып, зейнетақысына қосымша қаржы қосылады. Бұл да  мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетілген көмек. Аналарға құрмет көрсету, олардың еселі еңбектерін бағалау Елбасы Жарлығына сәйкес жүзеге асып келе жатыр.

-Біз аз ұлт болғанымызбен, мықты, қайсар халықпыз. Мықтылықтың арқасында осы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сіздерден өрген ұл мен қыздың арқасында біз халық болып отырмыз. Қай заманда болмасын ұлға қоныс, қызға өріс таптыңыздар. Міне енді осының арқасында атақ алып, дәрежелеріңіз биіктеп отыр, - деп атап өтті өз құттықтау сөзінде Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Рамазанқызы.

Алтыннан алқа таққан аналар қатарында Бижан апа  Ескенова да бар. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты ана сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Үш ұл мен бес қыз өз орындарын тапты. Үйдің үлкені елуді еңсерсе, кенжесі орда бұзар отыздан асқан. Бижан апаның бар байлығы да осы балалары.

-Балаларым деп еңбек еттім. Қатардан қалдырмадым. Шүкір, немере мен шөберенің ортасындамын. Осы күнге жеткізген бірінші - Алла, екінші - Тәуелсіз бейбіт еліміз. Еркіндіктің арқасында  қызығы мол күндерім бала-шаға ортасында өтіп жатыр. Еліме, елім деген азаматтарға амандық тілеймін, - деп тілегін білдірді Бижан ана.