Анам жиі ет асып, бауырсақ пісіреді – көпұлтты отбасының мүшесі Раиса Зуева
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінде 21 ұлттың өкілі еңбек етеді. Соның бірі – Раиса Зуева. Оның әжесі – поляк, әкесі – орыс, ал анасы – қазақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны Раиса Зуева осыдан 3 жыл бұрын құқық қорғау органдарына қызметке келді. Бойжеткен бастапқыда өмірін полициямен байланыстыруға шешім қабылдағанда, ата-анасы қарсылық білдірген. Бірақ әкесі кейін рұқсатын берген.

«Таңдауыма өкінген кезім болған жоқ. Қазір құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысамын. Петропавл қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орнында еңбек етемін. Мұнда күн сайын үйсіз-күйсіз жүрген адамдар жеткізіледі, олардың саусақ іздерін аламыз. Іздеуде бар ма-жоқ па – тексереміз. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдармен жұмыс істеу мұқият болуды, шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді. Кез келген адам, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, ең алдымен адам екенін ұмытпауымыз керек», - дейді Раиса Зуева.
Бойжеткен қазақ тілін жетік меңгерген.
«Менің әжем – поляк, әкем – орыс, ал анам – қазақ. Біздің үйде қазақтың ұлттық дәстүрлері басым, отбасымызбен жақында Айт мейрамын атап өттік. Анам жиі ет асып, бауырсақ пісіреді. Мен де, сіңлім Венера мен інім Әмір де – біз өзімізді бірден екі ұлтқа жатқызамыз», - дейді Раиса.
Тәртіп сақшысының айтуынша, Қазақстан халқының бірлігі күні ол үшін ерекше мереке. Бұл жолы да көп ұлтты отбасы мейрамды кең дастархан басында атап өтпек.
СҚО Полиция департаментінде қазіргі уақытта 21 ұлттың өкілі еңбек етіп жатыр.