Анасын пышақтаған күдікті Вьетнамнан экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамнан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген күдікті экстрадицияланды.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол ҰОБ-сы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы елшілігінің жәрдемдесуімен аталған елден денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан Республикасының азаматы экстрадицияланды.
— Ол өткен жылдың қараша айында өз үйінде алкогольдік масаң күйде болып, жанжалдан кейін анасына бірнеше рет пышақ салып алған деп күдіктелді.
Қылмыс жасағаннан кейін заңда белгіленген жауаптылықтан жалтару мақсатында күдікті қылмыстық қудалау органынан бой тасалап, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланды, — делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында жүргені анықталып, маусым айында ол Дананг қаласында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Айта кетелік Қазақстан Интерпол арқылы іздеу салған адам Грузияда қолға түскен еді.