Анасы өлімші етіп сабаған жеткіншек балалар үйіне орналастырылды

«Асыл соңғы екі апта көлемінде Ордабасы аудандық ауруханасында ем қабылдады. Ал, кеше біз баланы Шымкенттегі балалар үйіне апарып орналастырдық. Себебі, бұған дейін жеткіншектің мәелесін жан-жақты қараған арнайы комиссия оның балалар үйінде болғаны дұрыс деген қортындыға келді. Осы қортындыға сәйкес, аудан әкімінің қаулысы шықты. Ол қаулының негізінде Облыстық білім басқармасы балалар үйіне орналастыруға жолдама берген болатын. Асылдың қазір жағдайы жақсы», - деді Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақберген Сәрсенбеков.
Жалпы, Асылды ауруханадан шыққан соң үйінде 20 күн бойы қараған әдіскер Еркінай Жамалова да бұл шешімнің дұрыс қабылданғанын айтады. Себебі анасының жылдар бойы жәбір көрсетуі мен дұрыс қарамауы, ұрып соғуы балаға психологиялық салмақ түсірген. Салдарынан жеткіншек дұрыс сөйлей алмайды, аяқ-қолы дірілдеп кететін болыпты. Әдіскердің сөзінше, оған біраз уақыт көңіл бөлініп, тиісті емдік шаралар жасалса, жазылып кетуі әбден мүмкін.
«Асыл менің үйімде болған 20 күн ішінде жақсы сөйлеп, өз-өзіне келіп қалды. Ол өте сезімтал екенін байқатты. Өзіне көбірек мейірім бөлсе, өзімен көп сөйлессе екен деп отырады. Жылы-жылы сөздер естігісі келеді. Түнде құшақтап жатып, еркелегенді ұнатады. Аналық мейірімге зәру. Есте сақтау қабілеті де жақсарып қалды, жаттауларды тез жаттап алады. Бірақ тілі онша дамымай қалған, сондықтан онымен көп жұмыс істеу керек. Бір аяғын сылтып басады, қолына да массаж қажет. Егер Асылға осының бәрі дер кезінде жасалса, ол айығып кетуі әбден мүмкін», - дейді Еркінай Жамалова.
Сала мамандарының айтуынша баланы асырап алғысы немесе патронаттық тәрбиеге алатындар болса рұқсат беріледі. Алайда бір жылдай уақыт күтуі керек. Өйткені бір жыл көлемінде Асылдың аяғына массаж жасалып, тіл мүкістігін түзеу үшін логопедтер жұмыс істейді екен. Қазір балалар үйінің мамандары Асылды мектепке жіберуге дайындауда. Егер білім алуда қиындықтар туып жатса, онда басқа амалдарды қарастырамыз деп отыр.
Еске салайық, Асыл Батталғазиевті анасы өлімші етіп сабаған соң, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлер баланың басынан, денесінен көп ауыр соққылар алып, ыстық сумен күйдірілгенін айтқан. Осындай кейін баланың анасы табылып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол жауап беру кезінде баласынан құтылғысы келгенін, сол үшін осындай әрекетке барғанын жеткізген. Тіпті жеңіл жүрісті әйел перзентінен бас тартатынын айтып, тіл хат жазып та берген. Оған қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Асылдан бөлек оның асырауында кішкентай қызы бар. Базбіреулер оны тағы да аяғы ауыр екенін айтады.