Анасын өлтірді деп айыпталған Ақтау тұрғыны 5 жылдан кейін ақталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда анасын өлтірді деп айыпталған Дмитрий Крутихин бес жылдан кейін ақталып, сот залында бостандыққа шықты, деп хабарлайды «Лада».
6 наурызда Маңғыстау облыстық соты 2013 жылы 1 мамырда жұмыс орнында қайтыс болған анасының өлімі туралы істе Дмитрий Крутихинді кінәсіз деп таныды. Ер адам он жылдың бес жылын қамауда өткізіп, сот залында босатылды.
«Дмитрий Крутихин адам өлтірудің дәлелдері мен себептері болмауына байланысты ақталып, заң бойынша босатылды», - деп хабарлады судья Сәуле Өмірболатова.
«Біз осыны ұзақ күттік. Менің күйеуімді ақтап, мән-жайды анықтаған судьяларға рахмет. Біз өтемақы сұрап, сотқа шағымданбаймыз, әділдікке қол жеткізіп, кінәсіз адамның бостандыққа шыққанының өзі жеткілікті», - деді Дмитрийдің жұбайы Александра Крутихина.
Еске салайық, 2013 жылдың 1 мамырында тазарту ғимараттарының операторы Наталья Т.-ны жұмыс орнында өлтіріп кеткен еді. Қылмыскер әйелге алты рет пышақ сұғып, желкесінен ауыр затпен ұрған. Қаза табушының денесін оның жұбайы мен ұлы тауып алған. Ұлы Дмитрий Крутихин полицейлердің күдігіне ілігеді. Ол адам өлтіруге қатысы барын мойындамаған. Полицейлер заттай деректерді (пышақ салынған сөмке) тапқаннан кейін, күдікті Крутихин кінәсін толықтай мойындаған.
2013 жылдың қазанында Дмитрий Крутихин адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталды. Бес жылдан кейін істі қайта тергеуге жіберген.
Фото: lada.kz