Анасын сотқа берген жігіт - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қандасымыз Серік Сұлтанғабиевке «Ресейдің қаһарманы» атағы берілді, - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы « Ерлікке лайық ерен баға» атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, қыркүйек айының аяқ кезінде Свердлов облысындағы Лесной қала­сында орналасқан №3275 әскери бөлімшеде апатты жағдай орын алған болатын. Жаттығу кезінде кіші сержант гранатаны абайсызда қолынан түсіріп алады. Командир Серік Сұлтанғабиев сержантты итеріп жіберіп, гранатаны өз денесімен басып жата қалады. Жарылған граната жарықшақтарынан командир ауыр жарақат алды. Бірнеше операцияны бастан кешті. Ол апаттан құтқарып қалған кіші сержантқа ешқандай зақым келген жоқ, аман қалды. Жарылыс жарақаты ауыр болды. Міне, екі ай бойы әлі де құлан-таза айығып кете алмай жатыр. Алдымен Лесной қаласында, одан беті бері қараған соң Екатеринбургтегі ауруханада ем­делді. Осыдан бір ай бұрын жарақат зардабының беті қайтып, ол тасымалға жарайтын болған соң, Мәскеудегі Ресей ішкі істер министрлігінің әскери клиникалық госпиталіне ауыстырылды.

Қаһарманды құттықтау үшін госпитальге Ресей ішкі істер әскерлері бас штабының басшысы Виктор Золотов, Орал аймақтық ішкі істер командованиесі әскерлерінің қолбасшысы Александр Порядин және Лесной солдат аналары комитетінің төрайымы Нелли Маркелова келіпті. Свердлов облысының адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті өкілі Татьяна Мерзлякова да арнайы Мәскеуге барып, офицерді туған күнімен және жоғары мемлекеттік награда алуымен құттықтап, облыс губернаторы Евгений Куйвашевтің сәлемі мен сыйлығын жеткізген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Анасын сотқа берген жігіт» деген тақырыппен мақала басылып отыр.

Басылымның жазуынша, Серік Жақсылықұлы Кен­же­беков 29 қыркүйек 1991 жылы дүниеге кел­ген. Анасы Перизат Жақ­сы­лық­қызы Кенжебекованың туған жылы -1975. Босанғаннан кейін бес күндік нәрестені пер­зент­ха­на­ға тастап кеткен Перизат ол кез­де небәрі 16 жаста екен. Ана ма­хаббаты бұйырмаған Серік тағ­дырын тәлкекке салған шешесін сот­қа беріп, өмірін өксіткені үшін өтемақысына (моральный ущерб) 5 миллион талап етіпті.

Бұл қадамға бармас бұрын ол анасын қаншама рет іздеген. «Бармысың бауырым» хабарына да шыққан. Алайда анасы оны іздеп келмепті. Осының бәріне қатты налыған бала өз анасын сотқа берген екен.

«Үлкендер айтады «Жұмақ - ана­ның табаны астында» деп, ал туған баласын керексіз зат секілді тастап кеткен жанның та­ба­нының астында қайдағы жұ­мақ? Оны елестетудің өзі күлкілі», дейді ашынған бала.

***

Әлем бойынша әрбір үшінші әйел ұру, жыныстық қатынасқа күштеу сияқты зорлықтардың құрбаны болады екен. Мәселен, ДДҰ мәліметі бойынша, 2013 жылы дүниежүзіндегі әйелдердің 35 пайызы күш көрсету, жыныстық зорлық көрген, деп жазады «Айқын» газеті « Әрбір сегізінші әйел зорлық көреді» атты мақаласында.

Сондықтан 25 қарашада әйелдерге жасалатын зорлықты жоюға арналған халықаралық күрес күнінде бүкіл әлем бойынша гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы жыл сайынғы 16 күндік науқаны басталады. Мақсат - әйелдер мен балалар жиі қорлық көретін зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аудару. Өйткені құқық бұзушылықтардың кез келгені адам бойында психологиялық жарақат қалдырып, жалпы, әйел мен қыздардың денсаулығына, сонымен қатар репродуктивті денсаулығына залал келтіруі мүмкін.

ҚР Бас прокуратурасы жа­нындағы құқықтық статистика мәліметі бойынша, әйелдерге көрсетілетін зорлықтың са­ны артуда. 2013 жылы жасал­ған қылмыстық істердің 359 мыңының 137-сі - әйел­дерге қатысты жасалған қыл­мыстар. Бүгінде өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу 4 есеге артқан. Ұрлап әкету - 2 есеге, кәмелетке жетпегендерді жезөк­шелікпен айналысуға күштеу - 30,7 пайызға, кәмелет жасқа толмағандарға жыныстық қа­тынас тұрғысында зорлық көр­сету - 2 есе, сондай-ақ оларды саудаға салу 7 есе көбейген.

***

«Время» газетінің «Дело было в Техасе...» атты мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысында тұтанған жер дауы туралы жазылған.

Басылымның атап өтуінше, Облыстық жер кадарстры ғылыми-зерттеу орталығының бірқатар лауазымды қызметкерлері жемқорлыққа айыпталып отыр. Олардың қитұрқы әрекеттерінің кесірінен айналасы бір сағаттың ішінде 90 жергілікті тұрғын өздеріне тиесілі жер телімдерінен айырылып, «Құрылыс Строй Маркет» құрылыс компаниясы әп-сәтте 220 гектар жерге «үлкейіп» шыға келген. Қатардағы жер иелеріне келтірілген залал жүздеген мың долларға бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар