«Анасына бауырын бөліп берген...» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Анасына бауырын бөліп берген...» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, баспана бағасы қымбаттағалы тұр. Әрине, бұрын да арзандығы шамалы болатын. Оған соңғы 12 жылда тұрғын үй бағасының 600 пайызға дейін өскені дәлел болар. Алайда, құны шарықтаған сайын алыстағы арманға айналған баспана жайын «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аз да болса жақындатқандай еді. Бірақ қолымыз әлі жетіп үлгермеген қолжетімді үйдің де бағасы қымбаттауды қажет етіп отыр екен. Яғни «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құны әрбір шаршы метрге 5-10 мың теңгеге артпақ. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев ұсыныс айтты. Газеттің бүгінгі санындағы «Қолжетімді баспана қымбаттай ма?» деген мақалаға осы мәселе арқау болған.

Бас басылымда «Анасына бауырын бөліп берген...» деген мақала жарияланды. Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада Қазақстанда тұңғыш маманданған трансплантация бөлімшесінде алғашқы бауыр алмастыру операциясы жасалып, сәтті өтті. Бұған дейін қатардағы мемлекеттік қалалық клиникалық аурухана базасында бір жарым жылда 54 бүйрек, оның бірі Қазақстанда тұңғыш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін ауыстыру операциясының жасалуы - елімізде, оның ішінде күнгейдегі бас қаладағы медицина саласының даму деңгейінің интегралды көрсеткіші екенін атап өткеніміз жөн.

«Әрине, бәріміз де пендеміз ғой. Жаңалыққа жақын жүретін журналистер қауымы «қызы анасына бауырының 60 пайызын беріпті» деген хабар құлағымызға жеткенде, таңдай қағып, ауруханаға жеткенше асыққанымыз рас. Бү­гінде мүшелерді алмастыру адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір жолы болып табылатынын ес­керіп, бұған дейін туыстық донор арқылы бүйрек, жүрек алмастыруды білгенімізбен, өте кірпияз мүше болып саналатын бауырды қақ бөліп беру шынында да сенсациялық оқиға еді...»,-деп жазады мақала аавторы.

***

«Сәтін салса, еліміз биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп қалуы мүмкін. Өйт­кені ұйымға мүше болу үшін жүргізілген келіссөздер тәмам десе де болады. Тек та­рифтік үйлесімділікке және жергілікті қамтуға байланысты екі мәселе шешiмін тапса, Қазақстан жыл аяғына қарай ДСҰ-ға мүше болмақ. Дегенмен Қазақстанның ол ұйымға кіруіне мүдделі еместер де бар. Соның бірі - Ресей. Ресей экономистері «Қазақстанның ДСҰ-ға енуі - еліміз үшін үлкен қатер» деген дабыл қағуда. Себеп, «Егер Қазақстан ДСҰ-ның ыңғайына жығылып, тарифтік бағаны бірден түсіріп жіберетін болса, онда ол ел арқылы Ресейге арзан тауарлар лап береді. Көлік өндірісі, ауылшаруашылық саласы құлап қалмақ»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында жарық көрген «ДСҰ кімге тиімді?» деген мақаласында. Өйткені арзан жеңіл көліктер, ұшақтар, тікұшақтар, ауыл шаруашылығы саласындағы көліктері еліміздегі осы сала бойынша жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалардың қарқынын тоқтатады. Шығарып жатқан отандық өнім шетелдік тауарлармен бәсекелес бола алмайды. Мұның арты - құрдым. Демек, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі - Ресей үшін үлкен қатер» деседі олар. Рас, Ресей ДСҰ-ға кірер алдында көлік, ұшақ, ауылшаруашылық өндірісін қорғап, арнайы келісімдер жасады. Тарифтік бағаны бірден түсірмей, кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізді. Әрине, өзінде барды жоғалтып алмау үшін, ондай келісімдер Ресейге ауадай қажет.

Осы басылымда « 104 бап өзгертіледі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстанда кейбір қылмыстар «теріс қылыққа» ауыстырылады. Кеше Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, Парламент қарауына енгізілген Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын талқыға салды. Бұл жаңа құжат бойынша Қазақстанда қылмыстық жазаланатын істердің екі буынды жүйесі енгізілетін болады. Яғни қылмыстар енді «қылмыс» пен «теріс қылыққа» бөлінеді. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексінің жобасы 467 баптан тұрады (салыстыру үшін: 1998 жылдан бері қолданыстағы ҚК-де - 422 бап). И.Меркель жобада барлығы 171 «қылмыстық теріс қылық» көзделіп отырғанын жеткізді. Оның ішінде 58 қылмыс құрамы Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінен алынған, 9-ы - жаңа. Бұған қоса, қазіргі 104 «онша ауыр емес қылмыс құрамы» енді «теріс қылық» деп өзгертілмек. Сонымен бірге бірінші рет сүрінгендер үшін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобы, бірінші кезекте, жасөспірімдер, әйелдер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жауапкершілік барынша жеңілдетіледі.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Әр сәбидің өз несібесі бар» деген мақала берілген. «Халық санын көбейту үшін, оның ішінде қазақ ұлтының санын арттыру үшін шет жұрттардан келген қандастарымызға жағдай жасалынуы қажет. Егер шет елдердегі 5 миллиондай қазақтың басым көпшілігі Қазақстанға келген жағдайда қазақтілділердің саны күрт артып, мемлекеттік тіл үстемдігі күшейетіні сөзсіз. Алайда Атамекенін аңсап, орныққан жерін, кәсібін тастап келген қандастарымыз 2013 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған жаңа Заңына сәйкес, 4 жыл бойы азаматтыққа қол жеткізе алмайды. Ал азаматтық болмаса, тұрақты жұмысқа тұру, үй алу, балаларын оқыту қиынға соғатыны айтпасақ та түсінікті»,-деп жазады мақала авторы.