Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Андраш Бака Венгрияның жаңа президенті болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM - Бұрын Мажарстан Жоғарғы сотын басқарған Андраш Бака елдің жаңа президенті болып сайланды. Оның кандидатурасын парламенттің 140 депутаты қолдады, деп хабарлайды БЕЛТА.

Андраш Бака
Фото: БЕЛТА

Бұл туралы Мажарстанның Nepszava газеті жазды.

Шешім 11 тамызда Мажарстан парламентінің отырысында қабылданды.

Жасырын дауыс беру кезінде 73 жастағы Андраш Бакаға 140 депутат қолдау білдірді.

Жаңа президент ант беріп үлгерді. Алайда ол қызметіне 19 тамызда ресми түрде кіріседі.

Андраш Бака 2009-2011 жылдары Мажарстан Жоғарғы сотының төрағасы қызметін атқарды.

Мажарстанның биліктегі «Тиса» партиясы 8 тамызда оны президенттікке кандидат ретінде ұсынған болатын.

Бұған дейін «Тиса» партиясы мен Мажарстан премьер-министрі Петер Мадьяр елдің бұрынғы үкімет басшысы Виктор Орбан тұсында президент болып тағайындалған Тамаш Шуйокты қызметінен кетуге мәжбүр етті.

Шуйок 18 шілдеде парламент 17-бап түзету ретінде қабылдаған Конституциялық өзгеріске қол қойды. Бұл құжат оның президенттік қызметтен шеттетілуін көздеді.

Шуйок аталған құжатты Конституцияға қайшы әрі демократиялық қағидаттарға сәйкес келмейді деп атады.

Алайда ол Мадьярдың қысымына көнді. Бұған жаңа үкіметпен саяси күресті жалғастыру мүмкіндігінің таусылуы себеп болған.

Мажарстан – парламенттік республика.

Елдегі негізгі билік премьер-министр мен үкіметтің қолында.

Мажарстан президентін парламент депутаттары көпшілік дауыспен сайлайды.

Бұған дейін Мажарстан президенті өз қызметінен кетуге мүмкіндік беретін түзетуге қол қойған болатын.