Андрес Родригес-Посе: Астана халықаралық форумы - әлемге берері мол жиын
Андрес Родригес-Посе - әлемге әйгілі Лондон экономика және саясаттану мектебі университетінің профессоры, экономикалық географияның білгір маманы.
Ол өңірлердің дамуы тақырыбын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді.
Ғалым академиялық ортада зор құрметке ие. Саясаткерлер маңызды шешім қабылдағанда да оның еңбектеріне жиі сүйенеді.
«Әлемдегі геосаяси жағдай күрделі, экономикалық шиеленістер маза бермей тұр, пандемия салдары алаңдатады. Астана халықаралық форумы сол мәселердің шешімін тауып, экономикалық дамуға жол сілтейді деп үміттенемін. Тек Қазақстан үшін емес, әлемге берері мол жиын болады деп ойлаймын», - дейді профессор.
Профессор форумда өзі машықтанған бірқатар мәселе бойынша баяндама жасамақ.
Әсіресе, экономикалық белсенділігі төмен өңірлерді қолдау, аймақтық теңсіздікті жою тақырыбына баса назар аударады.
Проблема қазір шешімін таппаса, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін дейді ғалым.
«Экономикалық даму көрсеткіштері Астана мен Алматыда жоғары болуы заңды құбылыс. Бірақ басқа өңірлер де, әсіресе оңтүстіктегі, көштен қалып қоймауы керек. Халықты жұмыспен қамту деңгейі және еңбек өнімділігі жоғары болғанда ғана мемлекет көркейеді», дейді Андрес Родригес-Посе.
Родригес-Посе қазақстандықтардың әл-ауқатының картасын жасаумен де айналысқан.
Халық қай облыста өзін қауіпсіз әрі қолайлы сезінетінін, өмірге қаншалықты қанағаттанын зерттеген.
Астана форумында бұл зерттеудің нәтижесі жария етіледі деген жоспар бар.