Андрей Лукин авторлық құқықты қорғау саласында тәртіп орнатуға шақырды

Андрей Лукин авторлық құқықты қорғау саласында тәртіп орнатуға шақырды
Фото: pexels.com

Зияткерлік меншік құқықтарын пайдалануда ашықтықты, тиімділікті және әділдікті арттыру қажет. Бұл туралы Премьер-Министр атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Егер театрда, дәмханада, барда, мейрамханада, спорт ғимаратында, кітапханада, кәсіпорында, қонақүйде, сауда-ойын-сауық кешендерінде, тіпті жаңа жылдық шырша қойылымының бағдарламасында, олар қай жерде өтсе де, музыкалық шығармалар ойнатылып, телебағдарламалар таратылса, олар осы материалдарды пайдаланушылар болып саналады. Осыған сәйкес кәсіпкерлер туындылар мен сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік алдында орындағаны үшін сыйақы төлеуге тиіс. Бұл міндеттеме мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар үшін сыйақы төлеу шартын жасасуды талап етуге негіз береді», - деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын осындай 14 ұйым тіркелген. Олардың жылдық жинағы орта есеппен 1,5 миллиард теңгеден асады. Авторлық құқық иелері бұл сомадан тек 30%-ын ғана алады.

«Қазақстан авторлары қоғамы» 2022 жылы авторларға сыйақы түрінде 425 млн теңге жинады, оның 109 млн теңгесі мақсаты бойынша төленді. Осылайша, бұл ұйым шамамен 26%-ын төледі. Бұл проблема құқық иелері тарапынан мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қызметіне нақты бақылау құралдарының жоқтығын, оның ішінде олардың иелігіндегі қаржы қозғалысын бақылаудың жеткіліксіздігін айқын көрсетеді», - деді Андрей Лукин.

Сенатор осы мәселелерді шешу үшін құқық иелері мен ұйымдар арасындағы құқықтарды басқару процесінде ашықтықты, тиімділікті және әділдікті арттыруға бағытталған қатынастар жөніндегі ұсыныстарды қарауды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар