Әндіжан Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды

АСТАНА.KAZINFORM — Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарға да ерекше назар аударылды. 

Әндіжан Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Өзбекстандағы Мақом өнерінің III халықаралық форумына қатысты.

Наманган қаласында Мақом өнерінің III халықаралық форумы аясында «Шығыс мақомының жаңа бағыттары: дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Форумның ашылу рәсіміне Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, жиын қонақтарына арнап сөз сөйледі.

Әндіжан Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысты. 
Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетті дамытуға, тарихи мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды қолдауға ерекше мән беретінін атап өтті.

Вице-министр мақом өнерінің Қазақстанның дәстүрлі музыка мәдениетімен үндесетінін атап өтті. Оның айтуынша, күй, жыр, терме, айтыс және дәстүрлі ән өнері – ұлттың рухани мұрасы мен мәдени сабақтастығын сақтап келе жатқан құндылықтар.

Конференция барысында дәстүрлі өнерді заманауи технологиялар дәуірінде сақтау мәселесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар мәдени мұраны цифрландыру, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану және жастардың классикалық музыкаға қызығушылығын арттыру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Әндіжан Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарға да ерекше назар аударылды. Осы ретте «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің Хиуа қаласында өткен III халықаралық «Лазги» би фестиваліне қатысып, «Ең үздік сахналанған би» аталымын иеленгені айтылды. Сонымен қатар өзбекстандық өнерпаздардың Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокал байқауына қатысқаны атап өтілді. Байқау қорытындысы бойынша Мухаддас Алиева арнайы жүлдеге ие болды.

Форумның айтулы оқиғаларының бірі – Әндіжанның Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы болды. Бұл мәртебе өткен жылы Ақтау қаласына берілді.

Форумға ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, шет мемлекеттердің мәдениет министрліктері, дипломатиялық корпус өкілдері, музыкатанушылар, педагогтер және орындаушылар қатысты. Іс-шараға әлемнің 80-нен астам елінен 250-ге жуық мәдениет және өнер қайраткері жиналды.

Конференция алаңында 60-қа жуық елден келген 100-ден астам ғалым мен маман бас қосты. Бағдарламаға 121 ғылыми еңбек енгізілді. 

Айта кетелік Түркі әлемінің ортақ әліпбиі: Астанада қазақ және қырғыз әріптерінің үлгісі таныстырылған еді