Әндіжанда қазақстандық театр ұжымының «Жібек» спектаклі көрсетілді - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Тоқаев ғылым мен білімді дамыту және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттерін белгіледі – Eurasia Today
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында ғылым мен білімді дамыту және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттерін белгіледі, деп хабарлады Қырғызстан астанасы Бішкекте шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі.
Еуразия Тудейдің Ақорданың ресми Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Президент Қазақстанның алдағы уақытта қуатты экономикасы бар, жоғары технологиялар мен ғылым-білімге негізделген озық мемлекетке айналуы қажеттігін атап айтты.
Президент жаһандық дағдарыстар мен түрлі сын-қатерлер жағдайында елдегі тұрақтылықты сақтап, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ келешек ұрпаққа ғылыми әлеуеті жоғары, инновацияға бейім әрі жасампаз елді аманат ету негізгі стратегиялық міндеттердің бірі екенін баса айтты.
«Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын экономиканың және әлеуметтік саланың барлық бағытына енгізу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жасанды интеллектке негізделген цифрлық экономиканы қалыптастырудың маңызын атап айтты», деп жазды Eurasia Today ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ осы аптада «Eurasia Today» басылымында «Қазақстан делегациясы Түркияның аграрлық саланы цифрландыру тәжірибесін зерделеді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Түркияға жұмыс сапары барысында аграрлық саланы цифрландыру, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу тәжірибесімен танысты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған сапар аясында қазақстандық мамандар Анкара мен Конья қалаларындағы бейінді мекемелер мен кәсіпорындарды аралады. Делегация Түркияның аграрлық саладағы ақпараттық жүйелерін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, заманауи агротехнологияларды қолдану және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру тәжірибесін зерделеді. Бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы тәжірибе алмасуға және Қазақстанның аграрлық секторына озық технологияларды енгізуге ықпал етпек.
Қытай мен Орталық Азия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде – Халық газеті
Қытай мен Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастықты тереңдетіп келеді.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Қытай мамандары Қазақстанның оңтүстігінде сортаң жерлерді игеру және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жүгері өнімділігін 20%-дан астам арттырып, су тұтынуды 30%-дан астам қысқартқан. Жоба аясында 200-ден астам жергілікті маман оқытылған. Қытай тарапы Қырғызстанда алма өсіру технологияларын жетілдіруге, Тәжікстанда цифрлық ауыл шаруашылығы мен өнім өңдеуді дамытуға да қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, 25 қазанда Қытайдың Шэньси өлкесіндегі Янлин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды. 2019 жылдан бері мұнда 100-ден астам оқыту курсы өткізіліп, 3 200-ден астам маман біліктілігін арттырған.
Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Шыңжаңның екі құрлықтық порты арқылы 15 мыңнан астам жүк пойызы өтті» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған басылымның дерегіне сүйенсек, биыл 23 қазандағы жағдай бойынша, Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Алашанькоу мен Қорғас теміржол порттары арқылы Қытай–Еуропа және Қытай–Орталық Азия бағыттарында 15 мыңнан астам жүк пойызы қатынап, 30,58 млн тонна жүк тасымалданды.
Жүк тасымалының өткізу қабілетін арттыру мақсатында теміржол басқармалары бір құрамдағы вагон санын 50-ден 55-ке, ал пойыздың жүк тасымалдау көлемін 2 500 тоннадан 3 000 тоннаға дейін ұлғайтты. Қазіргі уақытта Алашанькоу порты Германия мен Польшаны қоса алғанда, 21 елге бағытталған 130 жүк бағытына қызмет көрсетеді. Ал Қорғас порты 18 елдегі 46 қала мен өңірді байланыстыратын 91 бағыт бойынша жүк тасымалын қамтамасыз етеді.
Қазвин – Сефевидтер дәуіріндегі Иранның тарихи астанасы – ParsToday
Иранның солтүстік-батысында орналасқан Қазвин қаласы XVI ғасырдың ортасынан бастап шамамен жарты ғасыр бойы Сефевидтер мемлекетінің астанасы болды. Шах Тахмасп I астананы Осман империясының шабуылдарына жиі ұшыраған Тебризден Қазвинге көшірді. Қала өзінің стратегиялық орналасуымен қатар, сәулет және қала құрылысы саласындағы жаңашылдықтарымен де ерекшеленді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, мұнда сарайлар, бақтар, аулалар мен әкімшілік ғимараттардан тұратын кең патшалық кешен қалыптасты. Оның бүгінге дейін сақталған маңызды нысандарының қатарында Чехелсотун павильоны мен Әли Қапу қақпасы бар. Ал 1596–1597 жылдары Шах Аббас I астананы Исфаханға көшірді.
Қазвиннің Сефевидтер дәуіріндегі ең маңызды сәулеттік ерекшеліктерінің бірі – қазіргі Сепах даңғылына сәйкес келетін Корольдік көше. Ол тек көлік қатынасына арналған жол емес, ағаштар, су арналары мен демалыс орындарын біріктірген көркем қалалық кеңістік болған. Зерттеушілер бұл көшені кейін Исфаханда салынған әйгілі Чахарбағ даңғылының маңызды ізашары деп санайды. Осылайша, Қазвин Сефевидтер дәуіріндегі сәулет пен қала құрылысының қалыптасуында маңызды рөл атқарып, кейін Исфаханда кеңінен дамыған архитектуралық тұжырымдамаларға негіз болды.
Ердоған: ХХІ ғасыр түркі әлемінің ғасыры болады – TRT
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ХХІ ғасыр түркі әлемінің ғасыры болатынына сенім білдірді. Бұл туралы ол Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші саммитіне орай жариялаған «Түркі әлемінің ғасыры: Ынтымақтастықтан интеграцияға» атты мақаласында мәлімдеді. Мақала Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Түрікменстан және Венгрияның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, мақалада Ердоған түркі мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі халықаралық жағдай түркі елдерінің бірлескен іс-қимылын стратегиялық қажеттілікке айналдырған. Сондай-ақ ол экономикалық интеграцияны дамытуға, Каспий арқылы өтетін Шығыс-Батыс Орта дәлізінің әлеуетін пайдалануға, көлік-логистика байланыстарын кеңейтуге және Солтүстік Кипр Түрік Республикасының ұйым аясындағы байланыстарын нығайтуға назар аударды.
Түркия президенті Анкарада өтетін саммит түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның халықаралық аренадағы ықпалын арттыратынына сенім білдірді. Ол ортақ тарихи және мәдени құндылықтарға сүйене отырып, бауырлас елдер арасындағы бірлікті нақты жетістіктермен нығайту және келер ұрпаққа қуатты түркі әлемін қалдыру маңызды міндет екенін атап өтті. «Президент Ердоған мақаласын мына сөздермен аяқтады: «ХХІ ғасырдың «Түркі әлемінің ғасыры» болатынына шын жүректен сенемін» деп жазды түркиялық БАҚ.
Сондай-ақ апта соңында «TRT»-да «Түркия түркі әлемімен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланғанын да айта кету керек.
Аталған басылымның мәліметінше, Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өзара ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететінін мәлімдеді. Әлеуметтік желідегі жазбасында ол тамыры терең бауырластық байланыстарға сүйене отырып, барлық саладағы әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Сондай-ақ атқарылған жұмыстарға үлес қосқан әріптестеріне алғыс айтып, Түркия президентінің төрағалығымен өтетін саммит түркі әлеміне игілік әкелетініне тілектестік білдірді.
Әндіжанда қазақстандық театр ұжымының «Жібек» спектаклі көрсетілді – ӨзА
Әндіжан қаласында өтіп жатқан IV TURKSOY халықаралық театр фестивалі аясында Бабыр атындағы облыстық музыкалық драма театрының сахнасында қазақстандық театр ұжымының «Жібек» музыкалық спектаклі көрерменге ұсынылды.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, қазақтың «Қыз Жібек» эпосы негізінде сахналанған қойылымда Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясы, адалдық, ұлттық құндылықтар мен адам тағдыры суреттеледі. Спектакльде қазақтың ұлттық музыкасы мен салт-дәстүрлері заманауи театрлық шешімдермен үйлесім тапқан. Қойылымның халықаралық фестиваль аясында көрсетілуі түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттап, театр өнері арқылы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстан мен Өзбекстан спорт білімі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Хабарламада айтылуынша, Өзбекстан мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған.
кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, шетелдік тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, конференциялар мен семинарлар өткізу, жас зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Өзбекстан университетінің ректоры Р. Маткаримов пен Абай университетінің стратегия және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Айгүл Искакова меморандум профессор-оқытушылар алмасуына, инновациялық жобаларды іске асыруға және ғылыми-практикалық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға негіз болатынын атап өтті.