Анджелина Джоли тағы да Газаны қолдайтынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемге танымал актриса Анджелина Джоли Instagram желісіндегі парақшасының «story» бөліміне «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) ұйымының мәлімдемесін бөлісе отырып, Газа халқын қолдайтынын айтты, деп жазды Анадолы.

MSF-тің жарияланымында былай делінген:
«Газа — палестиналықтар мен оларға көмек көрсеткісі келгендердің ортақ зиратына айналды».
Мәлімдемеде Израиль армиясы оқ атуды тоқтатқаннан кейін де әуе, құрлық және теңіз арқылы Газа секторына шабуылдарын қайта бастағаны айтылып, мынандай деректер келтірілген:
-
Палестиналықтардың өмірі жүйелі түрде жойылып жатыр,
-
Халық күштеп көшіріліп жатыр,
-
Ең негізгі гуманитарлық көмек әдейі бөгеліп жатыр.
Ұйым Израиль шабуылдарының Газадағы гуманитарлық және медицина қызметкерлері үшін үлкен қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.
MSF баяндамасында Израиль билігінен:
-
Газадағы қатігез әрі өлімге әкелетін қоршауды тоқтатуға,
-
Палестиналықтардың, гуманитарлық және медициналық қызметкерлердің өмірін қорғауға,
-
Атысты тоқтату тәртібін қалпына келтіруге шақырды.
Джолидің бұған дейінгі мәлімдемесі
Анджелина Джоли 2023 жылғы 1 қарашада Instagram парақшасында Израильдің Газаға жасаған шабуылдарына алғаш рет пікір білдірген еді. Ол жазбасында:
«Газа тұрғындары — тығырыққа тірелген халық. Оларға қашып құтылатын еш мүмкіндік берілмей, әдейі бомбалап жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Газа ашық аспан астындағы түрмеге айналды. Енді ол үлкен зиратқа ұқсап барады», — деген болатын.
Актриса Газада балалар мен отбасылардың қырғынға ұшырауына назар аударып:
«Миллиондаған палестиналық бейбіт тұрғындар — балалар, әйелдер, отбасылар — ұжымдық жаза мен адамгершілікке жатпайтын қатыгездікке ұшырап жатыр. Олар азық-түлік, дәрі-дәрмек пен гуманитарлық көмектен айырылған. Бұл — халықаралық құқыққа қайшы, ал әлем бұған қарап отыр, тіпті кейбір үкіметтер қолдап отыр», — деді.
Сөз соңында Джоли:
«Әлемдік көшбасшылар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арқылы атысты тоқтатуға мәжбүрлеудің орнына үнсіз қалу арқылы бұл қылмыстарға серіктес болып отыр», — деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Анджелина Джоли Ауғанстандағы ахуал жайында баяндау үшін Instagram-да парақша ашқан болатын.