Аңға шыққан бүркітшінің мұздан жасалған мүсіні халықаралық жарыста жүлде алды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ресейдің Красноярск қаласында жыл сайын «Сібірдің таңғажайып мұзы» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылады.
Фестиваль кезінде мүсіншілер қар мен мұздан әртүрлі композициялар жасап, шеберліктерін ортаға салады. Аталмыш өнер додасына Қазақстан атынан Ақмола облысының маңдайалды суретшісі, дарынды мүсінші Манарбек Бұрмағанов өзінің шәкірті Әсет Ахметовпен бірге қатысып, қазылар алқасының шешімімен арнайы жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қатарынан бесінші жыл өткізіліп отырған фестивальға Канада, Польша, Беларусь, Якутия мен Тыва елдерінен, сондай-ақ, Ресейдің бірқатар қалаларынан айтулы мүсіншілер қатысты. Байқауда қатысушылар екі аталым бойынша өзара бақ сынасты. Мәселен, он топ қардан мүсін жасаса, тағы да он команда мұздан мүсін жасау бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
«Менің ұстазым Манарбек Бұрмағанов маған осы байқауға қатысуға ұсыныс білдіргенде бірден келістім. Себебі, мұндай өнер додаларына қатысу кімге болсын үлкен мәртебе. Біз «Аңшы» атты композициямызда арғымаққа мініп, қолына бүркіт ұстап, жанына құмай тазы ертіп, қансонарда қанжығасын майлаған аңшы бейнесін мұздан қашап жасадық. Өнерімізді тамашалаған ресейліктер мен қала қонақтары риза болды», - деді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттің оқытушысы Әсет Ахметов.