Ангела Меркельге екпе салған дәрігер коронавирус жұқтырған: Канцлер карантинде жатыр

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Германия канцлері Ангела Меркель COVID-19 вирусын жұқтырған дәрігермен қарым-қатынас жасаған соң карантинге жатқызылды. Бұл туралы канцлердің ресми өкілі Штеффен Зайберт мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ангела Меркельге екпе салған дәрігер коронавирус жұқтырған: Канцлер карантинде жатыр

«Жұма күні аталмыш дәрігер канцлерге пневмококк инфекциясына қарсы екпе жасаған болатын. Кейіннен ол коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін тестілеуден өткен, сөйтіп оның қатерлі індетті жұқтырғаны белгілі болды. Бұл жағдай бүгінгі баспасөз конференциясынан кейін канцлерге хабарланды», - дейді Зайберт.

Оның айтуынша, канцлер тез арада үй карантиніне оқшаулану жөнінде шешім қабылдаған.

«Ол алдағы бірнеше күн бойы тексеріліп, ұдайы бақылауда болады. Өйткені қазіргі сатыда тестілеу нақты нәтиже көрсетпеуі мүмкін», - деп атап өтті канцлердің ресми өкілі.

Ангела Меркель карантинде жатса да, өзінің қызметтік міндеттерін атқара береді.