Ангелина Лукас: Дөрекі жігіттің тісін қағып алған кезім болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Ангелина Лукас елдегі ең көрікті спортшылардың бірі деп саналады. Мамыр айында ол мексикалық Ана Арасоланы жеңіп, WBC санаты бойынша Әлем чемпионы атанды. Боксшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспары мен жеке өмірі, әлеуметтік желідегі жанкүйерлері мен даттаушылар туралы пайымын айтты.

- Ангелина, WBC санаты бойынша алған титулыңыз құтты болсын! Енді қандай жоспарыңыз бар?

- Тамыз айында Әлем чемпионы атағы үшін үлкен жекпе-жек өткіземін. Бұл кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе-жегім, төртінші титулдық айқасым болады. Кәсіпқой бокс әлеміндегі ұйымдарға маған сенім артқаны үшін алғысым көп. Мамыр айында WBC International титулына қол жеткіздім. Мұндай титул отандасымыз, Олимпиада чемпионы Василий Жировта болған еді. Әйгілі Мэнни Пакьяоның да осындай титулы болған. Мен де солардың ізін жалғап, әйелдер боксында әлемдік деңгейдегі жұлдыз болып, Қазақстанның атын шығарғым келеді.


- Жақын арада қандай боксшыларға қарсылас атанғыңыз келеді?

- 52 келіден 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бірінші нөмірлі боксшылармен жұдырықтасқым келеді. Кез келгенімен шығуға дайынмын. Маған мықты қарсыластар болғаны керек. Ондай боксшылар менімен жұдырықтасуға дайын ба, мәселе сонда. Өйткені бұған дейін бірнешеуі бас тартты. Әлем чемпионы атанып жүрген қыздардың көбі Мексикадан шыққан. Тарихқа өз атыңды жазу үшін кіл мықтылармен шығу керек.


- Отандастарыңыздың көбі сізді ең көрікті спортшы деп бағалайды. Мұндай назар сіздің боксқа деген ынта-ықыласыңызға кедергі келтірмей ме?

- Жылы сөзіңізге рахмет. Менің ойымша, кез келген қыз баласы спорттың қандай түрімен шұғылданса да, қызға тән қылығын жоғалтпауы керек. Бұл - біздің табиғатымыз, құдай бізді нәзік етіп жаратқан. Рингте мен соңына дейін айқасатын жауынгерге айналам. Ал өмірде нәзікпін. Бокс – менің жұмысым әрі өмірлік ісім. Сондықтан рингте бәрін мінсіз істегім келеді. Бірақ қарсыластарыма жамандық тілемеймін. Мен үшін ең бастысы - үйіме аман-есен оралу. Ол үшін өте көп дайындалып, қорғанысымды бекемдей түсу керек. Мысалы, Ана Арасоламен өткен айқас 10 раундтық болды. Осы 10 раундқа шыдау үшін жаттығу кезінде 20-24 раундтық спарингтерге шықтым. Сондықтан 10 раундты қиналмай еңсергендей болдым. Арасола спорттық мансабында 48 жекпе-жек өткізген. Оған 10 раундтық айқас деген үйреншікті дүние болды. Менің қалай шыдап шыққанымды білсеңіз ғой. Жаттығуларда, спарингтерде жүктемені асырып жұмыс істедім. Арасола менің алғаш рет 10 раундтық айқасқа шығып, оны оңай еңсергеніме таңғалды. Айқастан кейін өзі солай деді.

Ал келбетім спорттағы мансабыма кері әсер етіп жатқан жоқ. Клубтарда қыдырып, ішімдік ішпеймін. Салауатты өмір салтын ұстанам. Келбетімнің былайғы өмірде көмегі бар. Instagram-ға әдемі суреттер салуға тырысам. Сол арқылы аудиториямды қуантқым келеді. Өмірде көбіне спорттық киіммен жүрем. Өйткені уақытымның көбі жаттығумен байланысты. Біз қазір көптеген әлемдік брендтермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мені өздерінің беткеұстар тұлғасы ретінде көргісі келетін компаниялар бар. Олар мені күш пен келбетті бір бойына тоғыстыра білген адам ретінде жарнамалағысы келеді. Сондықтан келбетім кедергі емес. Бастысы құдай берген көрікті орынмен пайдалана білу керек шығар.


- Бұған дейінгі сұхбаттардың бірінде боксқа алғаш әжеңіз жетелеп әкелгенін айтып едіңіз. Бокс сияқты қара күш пен тегеурінді мінез қажет ете тін спортты таңдауыңызға не себеп болды?

- Бала кезімнен тынымсыз едім, күш-қайратым тасып тұратын. Әжем де қайратты адам. Сондықтан менің ешкімге дес бермейтініме сенсе керек. Өте кішкентай күнімде биге, жүзуге барып жүрдім. Тым белсенді едім. Сөйтіп жүріп боксқа әуестігім оянды. Алғашқы соққыларды әкемнен үйрендім. Ол - қоян-қолтық ұрыстан нұсқаушы. Әкемнің көрсеткен әдістері қатты ұнап қалды. Осыдан бастап әке-шешеме боксқа апарыңдар деп айта бастадым. Бірақ олар құптамады. Сөйтіп жүргенде әжем қонаққа келді. Оған айтып едім, «шын қаласаң, барасың» деп шорт кесті. Алғашқы қолғабым мен шлемімді сол кісі сатып әперді. Әр таң сайын автобуспен баратынмын. Жолда әжем күтіп алып, залға өзі апаратын. Өмірім осылайша басқа арнаға бұрылды. Есейе келе әйгілі боксшылардың жекпе-жектерін тамашалайтынды шығардым, филмьдер көрдім. Мүхамед Әли, Майк Тайсон, Мэнни Пакьяо сияқты боксшылардың өмір тарихымен таныстым. Мэнни Пакьяоның WBC International титулын ұтқан жекпе-жегін бала кезімде теледидардан көрген едім. Енді сол титулды өзім де алдым. Қызық емес пе?! Тараздан шыққан қаршадай қыз бұл жолда талай қиындықтан, талай адамның кері пікірінен өтті. Менің бокстан кетуіме әрекет жасағандар көп болды. Бірақ мен сынған жоқпын. Ізімдегі іні-сіңлілерім менің спорттағы жолымды көріп, мүмкін емес дүние жоқ екенін түсінсе деймін. Қиындыққа мойымай арманға сену керектігін білсе деймін. Бокс тура өмірдің өзі сияқты. Қалағаныңа қол жеткізгің келсе, ұрыстан қашпауың керек. Бокс менің мінезімді шыңдады. Рингте көрген қиындықтарыммен салыстырғанда өмірдегі өзге қиындықтар түк емес болып қалады екен. Бокстың арқасында жауапты болып, тәртіпке үйрендім. Өйткені жаттығуды жіберіп алсаң, рингте маңдайыңа соққы болып қайтады.


- Оқырман қауымға сіздің жек е өмірдегі статусыңыз қызық болуы мүмкін. Құпия болмаса, сол жағына тоқтала кетсеңіз…

- Қазір басым бос. Әрине көз салып, сөз салып жүрген ерлер бар. Бірақ солардың бәрі мені бірден жар еткісі келеді. Яғни, бокстан қол үзгенімді қалайды. Ал мен жарымның мені қолдап, сүйікті ісіме тосқауыл қоймайтын адам болғанын қалаймын. Олардың неге мені бірден жар еткісі келетінін түсінбеймін. Әуелі жақын танысып, қыр-сырымызды білісіп барып, содан кейін ғана неке сияқты салмақты байланыс туралы ойлана бастауға болады ғой. Мен ұдайы дамып, жаңа дүниелерді меңгергенді ұнатамын. Сондықтан серігім ақылды, адал адам болса деймін. Әрине, көркі де маңызды.

- Сізді әлеуметтік желіде сынайтындар көп пе? Жағымсыз пікір жазғыштардың сөзі көңіліңізге қатты тимей ме?

- Қазір хейтерлерге қарсы иммунитетім бар. Бұрын жағымсыз пікірлер болса, өшіріп тастайтынмын. Қазір өйтпеймін. Адамның басқа біреуге неге жағымсыз пікір жазатынын түсінгендеймін. Ішкі әлемінде әділдігі аз адамдар сондай сөзге құмар келеді. Өзінің өмірі мәнсіз болғандықтан өзгенің өміріне төрелік айтып отырады.


- Бокстағы қабілетіңізді былайғы өмірде қолданған кезіңіз болды ма?

- Иә, бір рет сондай жағдай болды. Бір жерде кешкі ас ішіп отырғанмын. Танымайтын жігіт келіп мазамды алды. Әрине, оның бетін қайтарып тастадым. Сол ісім ұнамай қалса керек, жаныма отырып алып, айғайлай бастады. Бір кезде оң қолын сілтеп қалғандай болды. Мен оның қолы сермелген кезде автоматты түрде қарымта соққы жасап үлгердім. Сөйтіп ойламаған жерден оның ернін жырып, тісін қағып тастадым. Ақыры әлгі жігітті жұбатып әлек болғаным бар. Тіпті тіс дәрігеріне дейін жеткізіп салдым. Кетерімде қызды қарату үшін тік сөйлемей, тілін таба білу керектігін айттым. Қыздарға айтарым, өз намыстарыңды қорғай біліңдер. Өмірде бәрі болуы мүмкін. Сол оқиғадан кейін қолғапсыз соққымның ауыр екенін шын мәнінде ұқтым. Енді рингтен тыс жерде жұдырық сілтеуіме тура келмесе екен деп тілеймін.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар