Англия мектептерінде ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынды
АНГЛИЯ. KAZINFORM - Жаңа ережелерге сәйкес тәртіпке бағынбағандардың смартфондары тәркіленеді. Білім министрінің пікірінше, оқушылар енді сабақ кезінде гаджеттерге алаңдамайды және тәртібі мен мінез-құлқы жақсарады. Бұл туралы Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы хабарлады.
Білім министрлігі Англия мектептерінде ұялы телефон ұстауға тосқауыл қойды. Бірақ тыйымның заңнамалық сипаты жоқ. Директорларға тек арнайы нұсқаулық жіберілді. Смартфонарды үйде қалдыру немесе уақытша бір жерге қоя тұру керек екенін мектептердің өздері шешеді.
- Мен - қазақпын. Ата-анам Лондонда уақытша жұмыс істеп жатыр. Біз мектепте осындай шүберек қалтаға телефонымызды саламыз. Ол құлыптанады. Тек қана апайымыз сабақтан кейін ашып береді, - дейді Элизабет Гаррет Андерсон атындағы мектептің оқушысы.
Онлайн платформаларды бақылаумен айналысатын Ofcom компаниясының мәліметтерінше, 12 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызында смартфон бар. Бұл оқушының ойын бөліп қана қоймай, кибербуллингке ұшыратып, әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін. Білім министрі мектеп директорларымен кеңесіп, мәселеге нүкте қойды.
- Балалар мектепке оқуға, достық қарым-қатынас орнатуға барады. Адамдармен араласуды үйренеді. Олар үнемі ұялы телефонда отырмауы керек. Хабарлама жіберіп, хат алмасудың орнына қатарластарымен әңгімелессін, - дейді Ұлыбританияның Білім министрі Джиллиан Киган.
Сондай-ақ зиянды контенттің балаларға қолжетімді болғаны көпшілікті алаңдатады. Марқұм Брианнаның анасы Эстер Джай технологиялық компанияларды жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салуға шақырды. Оның қызы кибербуллингтің құрбаны болған. Саябақта құрдастары Брианнаны пышақтап тастаған. Қылмыскерлер аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 20 жылға сотталды.
- Мен технологиялық компанияларды өскелең ұрпақтың жағдайын ойлап, болашағына аса жауапкершілікпен қарауға шақырар едім. Олардан 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тосқауыл қоятын ұялы телефондар шығаруды сұраймын. Менің қызымды о дүниелік еткендер қылмысқа бармас бұрын зорлық-зомбылық жасауды дәл сол жерде үйренген, - дейді қайтыс болған жасөспірімнің анасы Эстер Джай.
13 беттен тұратын нұсқаулықта мектеп мұғалімдеріне де смартфон ұстауға тосқауыл қойылған. Егер жұмысына аса қажет болмаса пайдаланбайды. Ата-аналар оқушылармен тікелей телефон арқылы емес, мектеп кеңсесі арқылы байланысуы керек. Қоғам белсенділері бұл бастаманың берері аз деп есептейді.
- Балалар телефонды көбіне мектептен тыс уақытта пайдаланады. Көптеген оқу орынында смартфондарға тосқауыл бұрыннан қойылған. Білім беру саласындағы басқа мәселелермен бас қатыру керек, - дейді Мектеп және колледж басшылары қауымдастығының бас хатшысы Джефф Бартон.
Ұлыбританияда смартфонға оқудан тыс уақытта да толық тыйым салынған мектептер бар. Мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың айтуынша, бұл өте тиімді әдіс. Көбіне телефон қауіпсіздіктің кепілі бола бермейді, керісінше, интернеттегі зиянды контентке жол ашып, әлеуметтік теңсіздікке алып келетінін айтады сарапшылар.