Англия мен Уэльсте 2 000-нан астам тұтқын мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

ЛОНДОН. KAZINFORM — Тұманды Альбион түрмелерінде орын жоқ. Сондықтан билік жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын босата бастады. Осы аптада Англия мен Уэльсте жүздеген қылмыскер қапастан шықты. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Қылмыскерлерден жәбір көргендер қорқыныш пен үрей құшағында жүр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Англия мен Уэльсте 2 000-нан астам тұтқын мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
Фото: dailymail.co.uk

Мерзімінен бұрын босату тәжірибесін лейбористер сайлауда жеңіске жеткеннен кейін бірден қолға алды. Бірақ бұл бастаманы кезінде консерваторлардың үкіметі ұсынған. Жаңа ережеге сәйкес бес жылдан аз мерзімге темір торға тоғытылған Англия мен Уэльстегі айыптылар босатылды. Олар жазаның 40 пайызын өтесе болғаны. Дегенмен, шектеулер жаза мерзімінің соңына дейін сақталады. Яғни, коммендаттық сағатта сыртқа шықпайды, түзеу мекемесі қызметкерлерінің бақылауында болады.

Дерекөздерге сәйкес, Батыс Еуропада түрмеде отырған қылмыскерлердің саны бойынша Ұлыбритания көш бастап тұр. Жаңа түзеу колониялары салынып, заңдарды қатаңдатқанның өзінде жағдай жақсармай тұр. Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша, тұтқындардың саны 90 мың адамға жуықтайды. Лондондағы Пентонвилл түрмесі қызметкерінің айтуынша, жағдай шынымен де ушығып тұр.

«Банда болып, топтастып қылмыс жасайтындар көп. Солардың есебінен түрмелер толып тұр. Олар темір торға тоғытылғаннан кейін де төбелес шығарады. Тоқтатамын деп жүріп, қос білегімді сыныдырып та алғанмын», - дейді Пентонвилл түрмесінің офицері Шей Дхури.

5 500 орынды босату бастамасы осы аптада қолға алынды. Бірінші күні-ақ 1 700 қылмыскер темір тордан шықса, одан кейін 2 000-нан астамы босатылды. Араларында Лондонның оңтүстік-шығысында орналасқан ең қатаң режимдегі Белмарш ерлер түрмесінде жазасын өтегендер де бар.

«Абақтыда ине шаншар орын жоқ. Қапастың қай қанатында орын босаса, дереу жаңа қылмыскермен толтырылады», - дейді бостандыққа шыққандардың бірі.

«Мен тағы да қамалғым келмейді. Қайтадан қылмыс жасаймын деп ойламаймын», - дейді тағы бір жазасын өтеген адам.

Қылмыскерлердің мерзімінен бұрын босатылатыны туралы олардың құрбандарына түгел хабарланбаған. Нәтижесінде соңғылары қосымша көмекке жүгініп үлгермепті. Босатылғандардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар мен әйел зорлағандар да бар. Қоғам белсенділері, әйелдер мен балаларға арналған қайырымдылық ұйымдары бастаманы қатаң сынға алды.

«Қауымдастығымыздың мүшелері мерзімінен бұрын босатылғандардан жәбірленушілерді қорғап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ толық кепілдік бере алмайды. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша, бізбен ешкім кеңінен ақылдасқан жоқ», - дейді Ұлттық пробация қызметкерлері қауымдастығының бас хатшысы Йен Лоуренс.

Әділет министрлігіндегілердің айтуынша, баспанасыз қалған қылмыскерлер бостандыққа шыққанан кейін салық төлеушілердің есебінен арзан қонақ үйлерге орналастырылады. Қатаң шектеулерді қамтитын толық бақылауда болады. Сарапшылардың пікірінше, түрмелердің толып кетуіне байланысты үкіметтің басқа амалы қалмаған. Бірақ босатылғандардың қайтадан темір торға оралмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды дейді олар.