Англияда бір аптада «доңыз тұмауынан» 12 адам көз жұмды
ЛОНДОН. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат - Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы аптада елде «доңыз тұмауынан» 12 адам көз жұмған,
деп хабарлайды Associated Press. Мамандар, ауру әрі қарай тарайтын болса, осынау қатерлі вирусты әрбір үшінші ағылшынның жұқтыруы мүмкін деп алаңдап отыр. Егер солай болса, онда «доңыз тұмауынан» қайтыс болатындардың саны 3 мың мен 75 мыңның арасын қамтуы ықтимал.
Қазір Англияда А (H1N1) вирусынан көз жұмғандардың жалпы саны 29 адамды құрап отыр. Оған қоса, Ұлыбритания «доңыз тұмауы» үкіметтегілерге жеткен алғашқы ел атанған жайы бар. Ел премьер-министрі Гордон Браунның климаттың жаһандық өзгеру мәселері жөніндегі кеңесшісі Майкл Джекобс ауруханаға түскенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Ол бұл ауруды Мексикаға жаңа аурудың төңірегіндегі жағдаймен танысу үшін барған сапарында жұқтыруы мүмкін, деп пайымдалуда.