Англиядағы алапат тасқын жолдарды шайып, бөгетті бұзып кетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Англияның солтүстігінде тоқтаусыз жауған нөсер жаңбыр алапат су тасқынына соқтырды. Кей аудандарда көлік және теміржол қатынасы тоқтатылды, деп хабарлайды ВВС.
Әсіресе, Чешир графтығы қатты зардап шекті. Мұндағы кейбір елді мекендерде дүкендер мен мекемелер жабық, жоспарланған шаралар мен жазғы фестивальдар кейінге қалдырылды.
Кейбір жерлерде адамдар су басқан ғрмараттарда шыға да алмай қалды. Көбірек зардап шеккен аудандардың тұрғындарын өрт сөндірушілер эвакуациялап жатыр.
Елдің солтүстік батысындағы толассыз жауған нөсер жаңбыр өткен жексенбіде және дүйсенбіде басталған еді. Ұлыбритания метерологиялық қызметінің деректеріне қарағанда, тек сәрсенбіде түске дейін жауған жаңбыр мөлшері 19 миллиметрге жеткен.
Тасқын су Уэйли Бридж қаласына жақын Дербишир графтығы аумағындағы Тоддбрук су қоймасың бөгетінің кейбір жерлерін бұзып кеткен. Полиция Бакстон мен Бейквелл қалалары арасындағы күре жолдың учаскесін жауып, Бакстон тұрғындарына эвакуацияға дайын болуды сұрады.