Англияға жұмысқа орналастыруды уәде еткен блогер 92 адамның ақшасын жымқырған

АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетау тұрғыны қазақстандықтарға шетелге жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 92 адамның ақшасын иемденген. Осы іс бойынша ол сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Англияға жұмысқа орналастыруды уәде еткен блогер 92 адамның ақшасын жымқырған
Фото: Kazinform/ЖИ

Көкшетау қалалық сотының мәліметінше, Көкшетау тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша ақпараттық жүйе мен интернет желісін пайдаланушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қаралған.

— 2024 жылдан бастап Көкшетау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Б. азаматтарға шетелде жұмыс істеуге қажетті құжаттарды рәсімдеу қызметін көрсеткен. Әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстырып, көрсететін қызметтері туралы ақпарат жариялаған. Азаматтарды алдап, олармен шетелге жұмысқа орналастыру туралы келісімшарттар жасаған, виза мен медициналық сақтандыруды рәсімдеген, Англияға ұшу уақытын талқылаған және қызметі үшін ақша алған. Алайда ол құжаттарды жалған рәсімдегені үшін әр клиенттен 250 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алып, кейін өз міндеттемелерін орындамаған. Жауапкершіліктен жалтарып, кездесуден қашқан және телефон қоңырауларына жауап бермей қойған, — деп хабарлады соттан.

Осылайша әйел Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларынан және Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан 92 адамның жалпы сомасы шамамен 70 млн теңге болатын ақшасын иемденген.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Сот үкімімен әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған азаматтардың қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартуға байланысты қызметпен айналысуға 5 жылға тыйым салынды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, асырауында екі кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты сотталған әйелдің бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі бір жылға кейінге қалдырылды.

— Сотқа 28 жәбірленуші берген азаматтық талап арыздар қанағаттандырылды. Жәбірленушілердің әрқайсысына келтірілген материалдық шығын 200 мың теңгеден 1 млн теңгеден астам сомаға дейін өндірілді, — деп қорытындылады ведомство.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада жиһаз дайындауға тапсырыс қабылдаған екі алаяқ 19 адамды алдағанын жазғанбыз.