Англияның Жоғарғы соты Әбіләзовтың Ұлыбританиядағы меншігін сату туралы үкім шығарды

АЛМАТЫ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Англияның Жоғарғы соты KPMG басқарушы компаниясына Мұхтар Әбіләзовке тиесілі Ұлыбритания аумағында орналасқан «люкс» санатындағы үш жылжымайтын мүлік нысанын сатуға құқық беретін соңғы үкімді шығарды.

Англияның Жоғарғы соты Әбіләзовтың Ұлыбританиядағы меншігін сату туралы үкім шығарды

БТА банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш шешім М. Әбіләзовтің Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымында болған кезеңінде банктен заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында «БТА Банк» АҚ-ның талап-арызы бойынша қабылданды.

Сот шешімімен келесі жылжымайтын мүлік нысандары сатылымға жатады: Лондонның солтүстік бөлігіндегі Бишоп авенюда орналасқан Carlton House атты зәулім үй. Ол қабылдауларға арналған 15 метрлік залдан, кітапханадан, 9 жатын бөлмеден тұрады, аумағында бассейн мен 12 адамға арналған түрік моншасы бар. Екіншісі, Oaklands Park деп аталатын Виндзор қаласында орналасқан ауданы 40 гектардан асатын жер телімі. Онда 8-үй, тәлімбақ, теннис корттары, көлдер, орман алабы мен тікұшақ алаңы бар.Үшіншісі, Albert's Court деген атаумен белгілі Лондондағы Сент-Джонс-Вуд ауданында орналасқан күзетілетін ғимаратта орналасқан пәтер.