Анкара маңынан 66 млн жыл бұрынғы теңіз ұлуының қалдығы табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия астанасы Анкарадағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Тетис теңізінің жағалауында 66 млн жыл бұрын тіршілік еткен теңіз ұлуының қазба қалдығы табылды, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Анкара маңынан 66 млн жыл бұрынғы теңіз ұлуының қалдығы табылды
Photo credit: Anadolu Agency

Қазба Анкараның Голбашы ауданындағы Ояжа елді мекенінде орналасқан Күлхөйүк археологиялық орнында жүргізілген жұмыстар барысында табылған. Бұл туралы Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

– Голбашының Ояжа аймағындағы қазба жұмыстары кезінде 66 млн жыл бұрын Тетис теңізінің жағалауында тіршілік еткен теңіз ұлуының қалдығы табылды, – деді министр.

Теңіз ұлулары – ұлулар мен шырышты жәндіктерді қамтитын моллюскалар класына жататын жәндіктер.

Ғалымдардың пайымынша, қазба қалдық Тетис теңізінің соңғы кезеңдерінің біріне жатады. Бұл – шамамен 250 млн жыл бұрын қалыптаса бастаған және қазіргі Орталық Анадолының бір бөлігін алып жатқан ежелгі су айдыны.

Зерттеушілер қазбаның Тетис теңізінің соңғы кезеңіне жататынын атап өтті. Алайда оның Күлхөйүк тұрғындары тарапынан мыңдаған жыл бұрын қонысқа әкелінуі мүмкін деген болжам да бар. Бұл жайт табылған жәдігердің маңызын арттыра түседі.

Күлхөйүк шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болған, хетт және хатти өркениеттерімен байланысты ежелгі қоныс саналады. Сондықтан қазба қалдықындағы тіршілік иесі қоныс тұрғындарымен бір кезеңде өмір сүрмеген.

Енді зерттеушілер ежелгі тұрғындардың қазбаны басқа жерден тауып, Күлхөйүкке әдейі әкелген-әкелмегенін анықтауға тырысады. Бұл нысанның қонысқа қалай жеткені және ежелгі адамдар үшін қандай мәні болғаны да зерттелмек.

Күлхөйүктен бұған дейін де маңызды олжа табылған. Археологтар 4 мың жыл бұрынғы хетт дәуіріне жататын ыдыстың ішінен Анкараға тән «Севги гүлінің» («Махаббат гүлі») ең көне тұқым қалдықтарын анықтаған.

 

Күлхөйүктегі қазба жұмыстары 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ұзақ мерзімді археологиялық бағдарлама Түркия президентінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Зерттеу жұмыстарына Анкара университеті мен Мәдениет және туризм министрлігі атынан доцент Дерья Йылмаз Текин жетекшілік етеді.

Министрдің айтуынша, қазба жұмыстары жалғасып, Күлхөйүктің тарихына қатысты жаңа деректер анықтала береді.

Еске сала кетсек, жақында СҚО-да құм карьерінен екі адамның және мұз дәуіріндегі мүйізтұмсықтың сүйектері табылды.

Сондай-ақ Чехияда Стоунхенджден мың жыл бұрын салынған көне құрылыс табылғанын жаздық.