Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Анкара мэрі Карловқа оқ атқан ер адам полицей болғанын растады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкара мэрі Мелик Гекчек Түркияда Ресей елшісі Андрей Карловқа оқ атқан ер адам полицей болғанын мәлім етті.

Анкара мэрі Карловқа оқ атқан ер адам полицей болғанын растады

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары шабуыл жасаған адам фотокөрмеге полицияның қызметтік куәлігін пайдаланып кіруі мүмкіндігін хабарлаған болатын.

«Шабуыл жасаған - полицей», - деп жазды мэр «Твиттердегі» өзінің аккаунтында.

Ресей елшісі 19 желтоқсан күні Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді. Тапаншамен қаруланған ер адам елшіге оқ атқаннан кейін «Аллаху әкбар! Аллепо туралы ұмытпаңдар! Сирия туралы ұмытпаңдар!», деп айғайлаған (кейін видео интернеттен алынып тасталды).

Франс престің жазуынша, видео мен фотосуреттер жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілердің пайдаланушылары оқ атқан қылмыскердің тұлғасын анықтауға кіріскен. Ал түрік басылымдарының бірі ер адам Анкарада полиция құрамындағы арнайы жасақта қызмет еткендігін жазды.

Мэр Гекчек сондай-ақ, оқ атқан адам Фетхуллах Гүленнің жақтастары шоғырланған ҒЕТО тобының (Түркия билігінің сенімі бойынша) мүшесі болуы мүмкін деген болжам жасады. Билік өкілдері Гүленді 2016 жылдың жазында әскери төңкерісті ұйымдастырды деп айыптаған еді.

Анкара мэрі «Твиттердегі» өзінің жазбасында, шабуыл жасаған ер адамның қылмыстық әрекеті 2016 жылдың жазында ғана ретке келтірілген Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қайта ушықтыру талпынысы болып табылатынын айтты.

РФ СІМ Андрей Карловтың өлтірілгені туралы ақпаратты растап, орын алған жағдайды лаңкестік екендігін айтты. Және бұл мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талқысына шығаруға уәде етті. Андрей Карлов Түркиядағы елшілік қызметіне 2013 жылдың 12 маусымында кіріскен еді. Айта кетейік, соңғы кездері Түркияда Сириядағы ресейлік саясатқа қарсы акциялар жиі өтіп тұрды.