16:54, 20 Маусым 2016 | GMT +5
Анкарада Қазақстанның Түркиядағы күндері өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 маусым күні Анкара қаласында Түркиядағы Қазақстан күндері басталды. Оны аталған елдегі Қазақстан елшілігі Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қаланың Кечиорен ауданы муниципалитетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Осыған байланысты, Алматы облысы әкімдігінің және аудандарының басшылығы мен халықтық-фольклорлық жанрдағы әртістерден тұратын делегация Анкараға барды.
Түркиядағы сапарының бірінші күнінде қазақстандық делегация Анкарада орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев монументі мен М.К.Ататүрік мазарына барды.
Отандық әртістер «Антарез» ірі сауда орталығында өз концерттік бағдарламасын ұсынды. Кәсіби шеберліктерін «Адырна» фольклорлық ансамблінің аспапшылары, «Алтынай» халықтық би мемлекеттік ансамблінің әртістері көрсетті.
Бүгін Анкарадағы саябақта Сүйінбай Аронұлына арналған мүсіннің ашылуы, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған конференция мен концерттік бағдарлама ұйымдастыру жоспарланған.