Анкарада түркітілдес елдердің ынтымақтастығы талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы және Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октаймен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Анкарада түркітілдес елдердің ынтымақтастығы талқыланды

Кездесуде түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жан жақты талқыланды. Атап айтқанда Түркі кеңесінің түркітілдес елдердің интеграциясындағы айрықша рөліне тоқталды.

Сондай-ақ, алдымыздағы уақытта түбі бір түркі жұртының рухани бесігі - Түркістанда өткізілуі жоспарланған Түркі кеңесінің бейресми саммиті егжей-тегжейлі талқыға салынды.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығы аталып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Әсіресе, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және тағы басқа салалардағы ықпалдастықтың тиімді тетіктері талқыланып, осы бағыттағы жұмыстарды бауырлас халықтардың игілігі үшін бұдан әрі жалғастыру келісілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Түркия Вице-Президенті Фуат Октайдың тең төрағалығындағы Үкіметаралық экономикалық комиссияның іс-шаралары жоспарының орындалу барысы және алдағы уақытта онлайн форматта өтетін басқосудың күн тәртібі тілге тиек болды.