Анкарадағы «Қазақстанның музыкалық кеші» 50 елде тікелей эфирде көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның бас қаласы Анкарада қазақстандық белгілі өнер иелері Ардақ Балажанова мен Ержан Жаменкеевтің қатысуымен «ТРТ» арнасының орталық концерт залында «Қазақстанның музыкалық кеші» өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Анкарадағы «Қазақстанның музыкалық кеші» 50 елде тікелей эфирде көрсетілді

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен Түркияның құрылуының 91 жылдығына орайластырылған іс-шара мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ынтымақтастығының жарқын көрінісі болып табылды. Іс-шараға «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қызметкерлері, Анкара дипломатиялық корпусы мен анкаралық мәдени элита өкілдері, қоғамдық-саяси қайраткерлер, Түркия Парламентінің депутаттары, қазақ диаспорасы мен студенттер, сондай-ақ Анкара қаласының өнерсүйер қауымы қатысты. «Бауырлас Қазақстанның өнер шеберлерінің концерті бізді тамсандырды. Қазақ музыкасынан біз өзімізге жақын келетін түркі әуендерінің лебін сезіне алдық. Біз мәдени-гуманитарлық сала бойынша қазақ-түрік қарым-қатынастарының белсенді дамып келе жатқанына қуаныштымыз», - деді «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан. Бұл концерт Түркиядан басқа, Еуропаның, Таяу Шығыстың, Орталық Азияның 50 шақты елінде, оның ішінде Қазақстанда да тікелей эфирде көрсетілді.