Әнің тыңдарман жүрегіне жетсе, одан асқан бақыт жоқ – Жаскелең Ғайсағалиев

ОРАЛ. KAZINFORM — Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі, композитор Жаскелең Ғайсағалиевке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Осыған орай Kazinform тілшісі өнер қайраткеріне бірнеше сауал қойған еді.

Жаскелең Ғайсағалиев
Фото: Ғайсағали Сейтақ

- Жаскелең Орынбасарұлы, марапат құтты болсын! Бұл осы саладағы ұзақ жылғы еңбегіңізге берілген жоғары баға шығар?

- Әрине, солай деп ойлаймын. Президент Жарлығымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні 2013 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Азды-көпті еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бұл – өзім ғана емес, жалпы ұжымның бағы жанған күн деп есептеймін. Жалпы, осы салада қызмет атқарғаныма биыл қырық жыл толады екен. Бұл аз уақыт емес.

Қазіргі Сырым ауданы Жосалы ауылында туып-өстім. Жастайымнан ән мен музыкаға жақын болдым. Әкем Орынбасар әнші еді. Менің өнер жолына түсуіме ол да әсер еткен болар. Ауылда жүргенде-ақ жастардың басын қосып, «Назқоңыр» ансамблін құрдым. Ансамбль тек осы өңірмен шектелмей, 1991 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауына қатысты.

Кейін Орал қаласына ауысып, шығармашылық қарым-қабілетім ашыла түсті. Осыған дейін «Ерен еңбегі үшін» медаліне қоса «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым.

Осы кезеңде қаншама асудан өттік, қиындықтарды жеңе білдік. Осы марапат соның өтеуі шығар, қуанышты күндерімнің бірі болып есте қалатыны анық.

- Ақ Жайық жұртшылығы өзіңізді әнші ғана емес, композитор ретінде жақсы біледі. Шығармашылық қырыңа да тоқталып өтсеңіз ?

- Ән шығарып келе жатқаныма отыз жылға жуықтаған екен. Шығармашылықпен айналысу оңай емес. Дегенмен туындыларың жарық көріп, тыңдармандар мен көрермендер жүрегіне жетіп жатса, композитор үшін одан асқан бақыт жоқ. Кейде өзің орындайсың, кейде әнші әріптестерім шырқап жатады. Қазіргі таңда алпысқа жуық әнім орындалып жүр. Ал кітабыма жүзден астам туындым енгізілді.

- Құрметті атақ жаңа табыстарға ынталандыратын болар?

- Оған енді сөз жоқ. Шығармашылықты дамытуға, тың ізденістерге жол ашады деп ойлаймын. Өзім болашақтан үлкен үміт күтемін.

- Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық атақ берілмекші. Бұған байланысты не айтар едіңіз ?

- Иә, қуаныштың үстіне қуаныш қосылды. Мемлекет басшысы кеше біздің филармонияны санаулы өнер мекемелерінің қатарында атап, академиялық атақ берілетінін айтты. Алдағы жылы отау тіккеніне алпыс жыл толатын қара шаңырақта қызмет ету – зор бақыт, екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Бұл – мемлекеттің, елдің берген бағасы. Сонымен қатар академиялық атақ алып жатсақ, бұл қосымша жауапкершілік үстейді. Бұрынғы табыстарымыз өз алдына, жаңа талаптарға сай болуымыз керек. Бұл жолда аянбайтынымыз анық.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент мәдениет саласындағы бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттағанын жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда мәдениет саласының үздіктері марапатталды.

 

Соңғы жаңалықтар