Анна Башинскаяға қатысты мәселе тез арада AMANAT партиясының тиісті құрылымдарында қаралады – Станислав Канкуров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз. «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров әлеуметтік желіде дау тудырған қалалық Мәслихат депутаты А.Башинскаяның ісіне қатысты Facebook парақшасында осылай деп жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қадірлі әлеумет! А.Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. «AMANAT» партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды.

А.Башинская абайсызда қателікпен жазылған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады. Дегенмен, айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды.

Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз.

Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюы тиіс»,-деп жазды Станислав Канкуров.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина Президенті Владимир Зеленскийдің «Deutsche Welle» басылымына берген сұхбатында Қырымды қайтару туралы мәлімдемесіне «Зеленский мырза, Қырымнан көрі Түркия дұрыс, ол жақтың ауа райы қолайлы», деген мағынада пікір білдірді.

Депутаттың бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, олар депутаттың мандатын тапсыруын талап етті.

Кейінірек депутат осы пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.


Соңғы жаңалықтар