Анна Данилина камбэкпен Монтеррей турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Монтеррей (Мексика) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.
Жапониялық Мию Катомен бірге жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін қытайлық Чань И Тан – мексикалық Рената Сарасуамен өткізді.
Бірінші партияда қытайлық-мексикалық жұп 6:4 есебімен басым түсті.
Дегенмен бұдан кейін А.Данилина – М.Като камбэк жасай білді – 6:2, 10:6.
Бір сағат 24 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Като 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Қытайлық-мексикалық дуэт 2 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Мию Катов жартылай финалға шығу үшін ресейлік Мария Козырева – ұлыбританиялық Майя Люмсденмен таласады.
Монтеррей додасы 30 тамызда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.