Анна Данилина Лондон турнирінде чемпиондық атақ үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Лондон WTA 500 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ресейлік Диана Шнайдермен бірге жартылай финалда аустралиялық Эллен Перес — қытайлық Чжан Шуаймен сынға түсті.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде аустралиялық-қытайлық дуэт қарымта қайырды — 6:2.
Супер тай-брейкте Данилина — Шнайдер сәтті ойнады — 11:9.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Данилина — Шнайдер 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Перес — Шуай 3 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Анна Данилина — Диана Шнайдер финалда америкалық Айша Мухаммад — нидерландылық Деми Схурспен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Анна Данилина осымен қатарынан екі ірі жарыста финалға шығып отыр. Ол өткен аптада Ролан Гаррос додасында соңғы бәсекеде өнер көрсеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Лондон турнирінің жартылай финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.