Анна Данилина Рим турнирінің ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Анна Данилина Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге екінші айналымда ресейлік Ирина Хромачева — мексикалық Джулиана Олмоспен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда ресейлік-мексикалық 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сетте қазақстандық-америкалық жұп есе қайырды — 7:5.
Супер тай-брейкте Данилина — Мухаммад сәтті ойнады — 10:7.
Бір сағат 51 минутқа созылған тартысты бәсекеде Анна мен Эйжа 11 брейк-пойнттың бесеуінде мүлт кеткен жоқ. Хромачева — Олмостың есебінде де 5 брейк (9 брейк-пойнт) бар.
Анна Данилина — Эйжа Мухаммад жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Мирра Андреева — Диана Шнайдер немесе қытайлық Синьюй Ван — тайбэйлік Се Шувэй жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рим турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің экс 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шыққанын жазған едік.