Анна Данилина «Ролан Гаррос» турнирінің қос бірдей ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жұптық және аралас (микст) сындарында 1/4 финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Анна Данилина «Ролан Гаррос» турнирінің қос бірдей ширек финалына шықты
Фото: ҚТФ

Әйелдер бәсекесінің үшінші айналымында отандасымыз (WTA жұптық рейтингінде 6-орын) сербиялық Александра Круничпен бірге украиналық Даяна Ястремская / Ангелина Калинина тандемін қапы қалдырды. Тартысты өткен кездесу 6:4, 6:4 есебімен біздің жұптың пайдасына аяқталды.

Жарыстың 2-ші нөмірлі жұбы саналған Данилина мен Крунич Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына өту үшін Деми Схюрс (Нидерланды) / Эллен Перес (Австралия) – Людмила Самсонова (Ресей) / Беатрис Хаддад Майя (Бразилия) матчының жеңімпаздарымен шеберлік байқасады.

Сонымен қатар Анна Данилина аралас сында да сәтті өнер көрсетіп жатыр. Микст бағдарламасының ширек финалына шығу үшін өткен матчта қазақстандық-америкалық Анна Данилина мен Джеймс Трэйси дуэті Ульрикке Эйкери (Норвегия) / Лукас Мидлер (Австрия) жұбынан басым түсті. Шешуші супер-тай-брейкке ұласқан бәсеке 6:1, 4:6, 10:8 есебімен аяқталды.

1/4 финалда Данилина мен Трэйси Сара Эррани / Андреа Вавассори (екеуі де – Италия) – Фанни Столлар (Венгрия) / Кристиан Харрисон (АҚШ) текетіресінің үздігімен кездеседі.

Осыдан бұрын Заңғар Нұрланұлы «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастағанын хабарладық.