Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Сербиялық Александра Круничпен бірге «Үлкен дулыға» додасының 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда аустралиялық Эллен Перес – нидерландылық Деми Схюрспен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 6:2 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сет тартыстырақ өрбіп, тай-брейкте Данилина – Крунич жеңісті жұлып алды – 7:6 (8:6).
Бір сағат 39 минутқа созылған бәсекеде Анна мен Александра 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Аустралиялық-нидерландылық дуэт 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, Анна Данилина – Александра Крунич финалға шығу үшін жапониялық Сюко Аояма – тайбэйлік Энь-Шуо Лянмен таласады.
Биылғы Ролан Гарростың жалпы жүлде қоры 61,723 млн еуроға бағаланған. Жұптық сында жеңімпаз атанғандар 600 мың еуро табыс табады.
Франция ашық чемпионатында А.Данилина мен А.Крунич өткен жылы финалға дейін жетіп, италиялықтар Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге жол берген еді – 4:6, 6:2, 1:6.
Жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінде 17 жастағы қазақстандық Заңғар Нұрланұлы ширек финалға шыға алмады.
Доданың 8-ракеткасы болып тіркелген Заңғар үшінші айналымда бразилиялық Леонардо Шторк Франкамен матчты сәтті бастады – 6:3. Алайда бұдан кейін бразилиялық спортшы күш алып кетті – 7:6 (7:3), 7:5.
Тартысты матч 2 сағат 55 минутқа созылды.
Сәрсенбі күні сенсациялық нәтиже әйелдер арасындағы жекелей сында тіркелді. Әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко күтпеген жерден рейтингіде 23-орындағы ресейлік Диана Шнайдерден ұтылып қалды – 6:3, 5:7, 0:6. Сөйтіп ол жартылай финалдан тыс қалды.
Өткен жылы финалға дейін жеткен Арина биыл сол көрсеткішін қайталай алмады. Бұл әлемнің 2-ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакинаға әлемдік рейтингіде А.Соболенкомен арасындағы ұпай айырмашылығын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде А.Соболенконың еншісінде 9 090, Еленада 8 143 ұпай бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Ролан Гаррос турнирінің 1/8 финалына шыққанын жазған едік.