Анна Данилина: Уимблдонда матчтар оңай емес

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Анна Данилина Уимблдон турниріне дайындығы, жұптық серіктесі Александра Круничпен өзара үйлесімі және алғашқы айналымда Лейла Фернандес пен Юлия Путинцеваға қарсы өтетін матч туралы айтты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі хабарлады.

Анна Данилина
Фото: ҚТФ

Уимблдон қарсаңында WTA рейтингінің жұптық сындағы алтыншы ракеткасы Анна Данилина турнирге көтеріңкі көңіл күймен келгенін айтты.

— Маған осында болған әрдайым ұнайды. Әр келген сайын жақсы әсермен, көтеріңкі көңіл күймен келемін. Сондықтан тек алға ұмтыламын, — деді ол Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында.

Маусымның ең мықты жұптарының бірі саналатыны туралы пікірге қатысты теннисші бұған аса мән бермейтінін жеткізді. Биыл ол сербиялық Александра Круничпен бірге Дохада өткен WTA 1000 турнирінде чемпион атанып, сондай-ақ Аустралияның ашық чемпионатының, Индиан-Уэллс турнирінің және «Ролан Гаррос» додасының финалына дейін жетті.

— «Үлкен дулыға» турнирінің деңгейі өзгеше, мұнда әрбір теннисшінің жеңіске мүмкіндігі бар. Сондықтан әр турнирді жаңа бастама ретінде қабылдаймын. Мақсатым — жеңіске жету. Әр матчқа жеке көңіл бөліп, кезең-кезеңімен алға жылжуға тырысамын. «Үлкен дулыға» турниріне әлемнің ең үздік ойыншылары жиналады, сондықтан мұнда оңай матч болмайды, — деді Данилина.

Оның айтуынша, жұбының тұрақты нәтиже көрсетуіне өзара түсіністік ықпал еткен.

— Біз Александра Круничпен бірге бір жылдан астам уақыт ойнап келеміз. Былтыр «Ролан Гарроста» жұп құрдық. Осы уақыт ішінде бір-бірімізге әбден үйрендік, әрқайсымыздың мықты және әлсіз тұсымызды жақсы білеміз. Әркімнің өз ойын мәнері бар, ал корттағы өзара түсіністік жақсы нәтижеге жетуге көмектеседі, — деді қазақстандық спортшы.

Данилина Уимблдонның шөп төсенішіндегі корттары туралы да пікір білдірді.

— Алдыңғы жылдары мұндағы нәтижелерім аса сәтті болған жоқ. Бірақ шөптің үстінде ойнаған ұнайды. Әлі де осы жабынға бейімделіп, ойынымды жетілдіріп жүрмін. Біраз өзгеріс енгізуге тура келеді, енді агрессивті ойнауға тырысамын. Жалпы маған ұнайды, жұмысымды жалғастырып жатырмын, — деді ол.

Сондай-ақ теннисші алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцева мен канадалық Лейла Фернандеске қарсы өтетін матч туралы айтты.

— Ешқандай ерекше дайындық болмайды. Әрине, Юлияны өте жақсы білемін, ол да мені жақсы таниды. Бірақ бұл жекелей емес, жұптық матч. Оның да, менің де серіктесім бар. Сондықтан бұл — мүлде басқа ойын. Басқа кездесулерге қалай дайындалсам, бұл матчқа да солай әзірленемін. Жақсы ойын болады деп ойлаймын және өзімнің ең үздік ойынымды көрсетуге тырысамын, — деп түйіндеді Анна Данилина.

Уимблдонның жұптық сындағы матчтары 2 шілдеде басталады. Кездесулердің нақты кестесін ұйымдастырушылар кейінірек жариялайды.

Айта кетейік, 29 маусым — 12 шілде аралығында Лондонда өтетін Уимблдон турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды.