Анна Данилина жаңа жылдағы алғашқы жарысында финалға шықты
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54 ракеткасы Анна Данилина Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың екінші ракеткалары болып тіркелген А.Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге жартылай финалда франциялық Джессика Понше – чехиялық Анна Шишковаға қарсы келді.
Бірінші партияда қазақстандық-словакиялық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Екінші сетте франциялық-чехиялық дуэт қарымта қайырды – 6:4. Есесіне супер тай-брейкте А.Данилина – В.Грунчакова мықтылықтарын мойындатты – 10:7.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Анна мен Виктория 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Д.Понше – А.Шишкова 3 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Виктория Грунчакованың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Брисбен турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Жібек Құламбаева Таиландтағы жарыстың финалына жолдама алды.