Анналена Бербок: БҰҰ-ға реформа керек
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының төрайымы, Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Анналена Бербок Бас Ассамблеяның жалпы саяси пікірталасы барысында сөз сөйледі, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Бербок қазіргі отырыс соғыс, гуманитарлық апаттар, климаттың өзгеруі және технологиялық сын-қатерлер сияқты көпқырлы дағдарыстар аясында өтіп жатқанын атап өтіп, бұл мәселелерді тек халықаралық қауымдастық бірлесе отырып қана шеше алады деді.
Ол әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған адамдар күн сайын бастан кешіп жатқан трагедияларды еске салды: мысалы, ұшқышсыз аппараттардан тығылуға мәжбүр украиналық қарт әйелдер, мектепке баруға қорқатын гаитилік балалар, немесе Конго Демократиялық Республикасында қыздарын қарулы топтардан жасырып жүрген әйелдер.
— Не істеуге болмайды — бұл осы дағдарыстарды пайдаланып, БҰҰ ескірді немесе маңызы жоқ деп айтуға жол беру. БҰҰ Жарғысы мықты және ол мемлекеттер оны ұстануға қаншалықты дайын болса — соншалықты берік, — деді Бербок.
БҰҰ реформасы — заман талабы
Бербок сөзінде БҰҰ-ның құрылуына себеп болған тарихи сәтті — Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қираған әлемді еске салды. Ол кезде қол қойылған БҰҰ Жарғысы тұтас бір ұрпақ үшін бағыт-бағдар болатын «жұлдыз» рөлін атқарған.
— БҰҰ-ның тарихы — жеңістер тарихы емес, бұл — қайта-қайта әрекет жасап, табандылықпен жұмыс істегендердің тарихы, — деді ол.
Бербок елдерге нағыз көшбасшылық — өз еркін зорлықпен таңу емес, өзгелерге шабыт беріп, қолдау көрсету қабілеті екенін еске салды.
— Басқаларға көмектесу — түптеп келгенде, өз еліңді де күшейтеді, — деді ол, COVID-19 пандемиясына қарсы күрестегі ДДСҰ рөліне және климаттық дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимылдың маңыздылығына тоқтала отырып.
Оның айтуынша, БҰҰ бүгінгі таңда шешуші жолайрықта тұр.
— Диалог пен дипломатия «үйінің» өзі де жөндеуді қажет етеді. Сондықтан «БҰҰ-80» бастамасы мен реформалар процесі — артықшылық емес, қажеттілік, — деді Бербок.
Реформа жүйенің икемділігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үдерісін жеделдетуге бағытталуы тиіс.
Гендерлік теңдік мәселесі
Анналена Бербок БҰҰ-дағы әйелдердің көшбасшылықтағы орнына ерекше назар аударды. Ол ұйымның 80 жыл ішінде ешқашан әйел адамды Бас хатшы етіп сайламағанын сынға алды.
— Төрт миллиард әйел өмір сүретін әлемде бірде-бір лайықты үміткер табылмағаны ма, — деп, өзгеріс қажеттігін баса айтты.
Болашақ — бірлікке байланысты
Сөз соңында Бербок БҰҰ болашағы — мемлекеттердің бірігіп әрекет ету қабілетіне байланысты екенін атап өтті:
— Біз әлем халқының алдында БҰҰ бүгін де бар екенін, ертең де, алдағы 80 жылда да өміршең болатынын дәлелдей аламыз ба? Себебі түптеп келгенде, бұл ұйым — барлық елдер үшін өмірлік маңызы бар құрал.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы жиынында сөз алған Дональд Трамп БҰҰ-ны сынға алды.