Anonymous хакерлері әлемді алаңдатып отыр

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Жуырда атышулы Anonymous хакерлер жүйесінің 25 белсендісі Интерполдың қолына түскен болатын. Ол туралы Утро.ру сайты жазды.

Anonymous хакерлері әлемді алаңдатып отыр

Ал кеше сол ұйымның мүшелері испан тілді блогтарында болған оқиғаға байланысты өз ойларын айтып, мәлімдеме жасады.    

Онда Интерпол мен испан тілді елдердің полициясы жүргізген операцияны сынға алған хакерлер «біздің жүйе гидра сияқты, бір басын шапсаң, орнына мың бас өсіп шығады. Сіздер Anonymous-тың берік іргетасын ешқашан шайқалта алмайсыздар», - деп мәлімдеді. 

«Үкіметтіктер бізден қорқады. Олар Anonymous сияқты идеямен қалай күресу керектігін елестете де алмайды» - дей келе, - «Біз өзіміздің ғаламтордағы сөз бостандығы үшін болып жатқан үлкен соғыстың қақ ортасында қалғанымызды мойындаймыз. Ол соғыстың қайғы-қасіретсіз, мұң-наласыз бітпейтінін де білеміз», - дейді тағы да.

Anonymous хакерлік тобының белсенділерін құрықтау операциясы мұхиттың екі жағындағы испан тілді елдерде 29 ақпан күні жүргізілген болатын. Сол күні Чили, Аргентина, Колумбия және Испанияның полицейлері Интерполдың басшылығымен 17 және 40 жас аралығындағы 25 хакерді тұтқындаған. Ұсталғандардан 250-ге жуық жүйелік және мобильдік құрылғылар тәркіленген.

Алайда Anonymous та қарап қалмады. Сол күні кешке олар Интерпол сайтын бұзып, астан-кестеңін шығарды.

Ресми деректер бойынша, хакерлерді жаппай ұстауға Колумбия мен Чили үкіметтерінің сайттарына жасалған кибершабуылдар себеп болған. Нақтырақ айтсақ, бұдан сәл бұрын анонимдіктер Колумбия президенті мен Қорғаныс министрлігінің, Чилидің ұлттық кітапханасының және  Endesa  электр-энергетикалық компаниясының сайттарын бұзып кірген болатын.

Алайда Anonymous-тардың соңғы жылдардағы ең атақты шабуылы деп американдық Stratfor сараптамалық компаниясының сайтын бұзғанын айтуға болады. Сол жолы олар Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) 200 гигабайттық ақпаратын ұрлап алып,  халықаралық саясаттағы былық-шылықты әлемге жаюмен айналысатын атышулы WikiLeaks сайтына берген еді.  

Anonymous  соңғы жылдары WikiLeaks-ке бөгет болатын ұйымдардың сайтына шабуылдар жасап, біраз бедел жинап алды.  Anonymous-тың атынан «командир Икс» деген бүркеншік есіммен бір адам ғана «жарық әлемге» шығады.  Түрлі БАҚ-тардың алып-қашпа әңгімелері бойынша, ол Сан-Францискода бағбан болып жұмыс істейді. Ал қолы қалт еткенде сайттарды бұзумен айналысады екен.

Аталмыш топтың бірнеше жойқын кибершабуылы белгілі. 2010 жылдың желтоқсанында олар Visa, Mastercard және PayPal сияқты ірі төлем жүйелерінің сайттарын «сан соқтырған».  Одан кейін Apple мен Sony-дың, қалаберді көптеген елдердің полиция ведомстволарының серверлерін «сылқитып» кеткен.  Ал биыл ФББ, ОББ, Ақ үйдің сайттарын бұзған. Anonymous құрамында көптеген елдердің хакерлері бар, алайда олар белгілі бір құрылымға бағынбайды.