«Аңсаған сәби»: Астанада биыл қанша квота бөлінді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Астана қаласында «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыруға 514 квота бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы Медициналық сақтандыру қоры экстракорпоралды ұрықтандырудың 7000 циклін қаржыландыруды жоспарлады. Жасанды ұрықтандыру процедурасын жүргізуге квоталар саны 2020 жылмен (1105 ЭКҰ қызметі көрсетілген) салыстырғанда 7 есеге артты. Астана қаласы бойынша биыл ЭКҰ-ға 514 квота бөлінді.» – делінген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарламасында.

Экстракорпоралды ұрықтандыру процедуралары құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады. Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда, қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. 2021 жылдан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Емшара МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін өте алады.

Елордада «бедеулік» диагнозымен 1238 ерлі-зайыпты есепте тұр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы биылға бөлінген барлық 514 квотаны есепте тұрғандар арасында 100% үлестірген.

ЭКҰ кімдер ала алады?

ЭКҰ емшарасын жүргізуге негіз болатын басты көрсеткіш – терапиялық жолмен емделмейтін бедеулік. ЭКҰ-ға ерлі-зайыптылар да, ресми некеде тұрмайтын ерлі-зайыптылар да өтініш бере алады, бірақ бұл жағдайда өзара ерікті жазбаша келісім қажет. Сондай-ақ ЭКҰ ем-шараларын Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген мына медициналық параметрлерге сай келетін Қазақстан азаматтары ала алады: репродуктивті жас (18-ден 49 жасқа дейін); қалыпты соматикалық күй; қалыпты эндокриндік күй; қанағаттанарлық овариалдық резерв.

Науқасты экстракорпоралды ұрықтандырудан бас тарту бірнеше жағдайда болуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре пайда болған ауытқулары кезінде; соматикалық және психикалық бұзылулар кезінде; аналық без ісіктерінде; жедел қабыну ауруларында; онкология кезіндегі кез келген оқшаулауда.

ЭКҰ жолдаманы қалай алуға болады?

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.

Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар пациенттердің диспансерлік электрондық тіркеліміне енгізеді және бірқатар тексерулер-зерттеулер тағайындайды. Бедеулік диагнозын қою кезінде ерлі-зайыптылар №2 қалалық көпсалалы аурухананың әйелдер денсаулығы бөліміне жіберіледі, онда диагнозды толық және қосалқы тексеру, пациенттерді емге алдын ала дайындау шаралары жүргізіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы МӘМС аясында қолдан ұрықтандыруды мақұлдаған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді және қосалқы репродуктивті технологиялар (ҚРТ) қызметтерін көрсететін клиникада рәсімге дайындала бастайды. Науқас экстракорпоральды ұрықтандыру үшін клиниканы таңдауға құқылы.

ЭКҰ ем-шарасынан жылына бір рет МӘМС бойынша тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізер алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі қарастырылған тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

Айта кетейік, еліміздің 9 өңіріндегі 19 медициналық ұйым МӘМС аясында ЭКҰ қызметтерін көрсетеді. Оның 18-і жекеменшік. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы таңдауға құқылы. ЭКҰ қызметтерін көрсететін жеткізушілердің тізімімен қордың fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», одан әрі «Клиниканы таңдау» бөлімінде танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар
telegram