«Аңсаған сәби»: Қызылордада 113 бала дүниеге келді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қызылорда облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы 113 бала дүниеге келді.
Оның ішінде 9 отбасында егіз сәбилер туған. Суррогат ана қызметінің көмегімен екі сәби өмір есігін ашты. Осылайша 264 квотаның 235-і игерілді.
— Бағдарлама Президент тапсырмасымен 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Мақсаты — қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасыларға перзент сүюге мүмкіндік беру және демографиялық ахуалды жақсартуға үлес қосу. Өңірімізде квота саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2015 жылы 34 квота берілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 44-ке жеткен. Ал 2021 жылы бағдарлама аясында 281 квота бөлінді. Кейінгі жылдары да көрсеткіш осы деңгейде сақталды. 2022 жылы 277, 2023 жылы 274, 2024 жылы 270 квота қарастырылды. Өткен жылы 285, 2026 жылы 264 квота берілді. 2015 жылдан бастап берілген квота саны 8 есе өсті. Бүгінде 235 квота бойынша әйелдер тиісті медициналық ұйымдарға жолданды. Жолдамалардың орындалу үлесі — 89%, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мырзанова.
Аймақта ұрпақ өрбіту жасындағы 170 532 әйел бар. Соның 654-і ЭКҰ бағдарламасы бойынша квота алу кезегін күтіп отыр. Олар өңірлік комиссия қарауынан өтіп, медициналық ұйымдарға жіберіледі. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жүргізілетін ЭКҰ циклдеріне мониторинг жасау, құжат қабылдау және оларды комиссия қарауына ұсыну жұмысы облыстық перинаталды орталықта атқарылады.
Жалпы Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) технологиясының көмегімен дүниеге келген балалар саны 50 мыңнан асты.