Аңсаған сәби: Маңғыстауда биыл 300-ге жуық әйелге бала сүюге мүмкіндік беріледі

нәресте
Фото: Pixabay

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында 2024 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша үш жүзге жуық квота бөлінді.

Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы екі жылда өңірде үш жүзден астам ана ЭКО арқылы сәбилі болған.

— Биыл Маңғыстау облысы бойынша 273 отбасына «Аңсаған сәби» бағдарламасының игілігін көру мүмкіндігі берілді. Мәселен, 2022-2023 жылдары облыс бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 535 әйелге ЭКҰ жасалды. Олардың 300-ден астамы жүкті болды. Айта кетсек, ЭКО орталықтарына қаржы төлеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Президент жолдауы сәбиді аңсап жүргендер талай отбасыға үміт сыйлағаны анық, — деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс отбасын жоспарлау жэне репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Юлия Досаханова.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Юлия Досаханова «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квота алу үшін қандай сәби аңсаған аналарға не істеу керектігін атады.

— «Квота алу үшін не істеу керек?» деген сұраққа тоқталсақ. Алдымен тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадағы учаскелік терапевтке бару қажет. Содан соң дәрігер қай маманға бару керегін түсіндіреді. Себебі, кезекке қою үшін арнайы репродуктология орталығына барып, арнайы анализдерді тапсырады. Кейін емханананың гинеколог-дәрігері ЭКҰ жасатуға денсаулығы жарайды деген қорытынды береді. Сол қорытындыны алып, облыс бойынша жауапты маманға әкеліп тапсырады. Тізім бекітіліп жинақталғаннан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрылған комиссия құжаттарды қарап, тексеретін болады. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, отбасылық жұп кезекке тұрады, — деді Юлия Досаханова.

Айта кететін жайт, сәби сүйгісі келетін отбасылар МӘМС аясында жылына бір рет тегін ЭКҰ жасата алады. 

Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда келесі жылға кезекке тұруына мүмкіндік қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар