«Аңсаған сәби»: ШҚО-да бір жылда 212 нәресте дүниеге келді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесінде бір жылда 212 нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО ӘМСҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 488 квота бөлінген.

2022 жылы облыс бойынша бала сүйе алмай келе жатқан 792 жұп тіркелді. 293 әйелге экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілді.

Осы ретте, ШҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Надира Слямханова «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдаған баласыз ерлі-зайыптылар үшін іс-қимыл алгоритмін және МӘМС есебінен ЭКҰ-ны қалай алуға болатындығы туралы айтып берді.

«Пациент МӘМС шеңберінде репродуктивті технологиялар бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымды өз бетінше таңдайды. Содан кейін жоғары технологиялық медициналық қызметтер комиссиясының қорытындысын алу үшін тіркелген жері бойынша өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінуі қажет. Учаскелік дәрігер пациентті бедеуліктен зардап шегетін диспансерлік науқастардың электронды регистріне енгізеді. Тиісті тексеруден өткеннен кейін және бедеуліктің себептерін анықтағаннан соң 12 ай ішінде бейінді маманның қорытындысы негізінде учаскелік дәрігер МӘМС есебінен көмекші репродуктивті технологияларды жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереді», - дейді ол.

Оң шешім қабылданған кезде госпитализация бюросының порталында пациент құжаттардың толық пакетімен тіркеледі. Оған қызметтерді алудың күні мен уақыты айтылады.

Айта кетейік, биыл бұл қызметтерді еліміздің жеті өңірінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында орналасқан 19-ға жуық медициналық ұйым МӘМС аясында тегін көрсетеді.

«Биыл қатысушыларға арналған бағдарламада 42 жасқа дейінгі шектеулер қарастырылған. Көп қиындықтан өтіп, көптен күткен жүктіліктің оң сынағын алу жеткіліксіз. Дәрігерлер үшін де, болашақ аналар үшін де жүктіліктің қауіпсіз аяқталуы маңызды, сондықтан әйелдер ЭКҰ-дан кейін босанғанға дейін мамандардың үнемі бақылауында болады», - дейді Надира Слямханова.


Соңғы жаңалықтар