Аңсаған сәби: Шығыс Қазақстанда үшем дүниеге келді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ арқылы үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аңсаған сәби: Шығыс Қазақстанда үшем дүниеге келді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 32 жастағы Семей қаласының тұрғыны ЭКҰ арқылы үш баланың анасы атанды.

Ол мерзімінен бұрын – жүктіліктің 34-ші аптасында босанған. Нәрестелердің салмағы – 2 келі 280 грамм, 2 келі 300 грамм және 2 келі 200 грамм.

«Отбасымыз бұл бақытты 10 жылдан астам уақыт күтті. Былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясының мақұлдауымен ЭКО-дан өтуге квота алдым. Бәрі ойдағыдай өтіп, бала көтердім. Қуанышымызда шек жоқ. Осы бағдарламаның арқасында қаншама отбасы сәбилі болып жатыр», - дейді үшемнің анасы Мақпал.

Айта кетейік, 2022 жылдың бірінші айында өңір бойынша 23 егіз және бір үшем жарық дүние есігін ашқан.

Биыл 488 әйелге «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде квота берілмек.