«Аңсаған сәби»: Шымкентте квота саны артты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Биыл Шымкентте «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) 429 квота қарастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аңсаған сәби»: Шымкентте  квота саны артты

Үшінші мегаполисте «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылы — 403, 2022 жылы – 413, 2023 жылы 429 квота бөлініп отыр.

«Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың басында 538 келіншек бедеулік диагнозымен диспансерлік есепке алынды. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін ЭКҰ бойынша 413 квота беріліп, бағдарламаға қатысқандардың ішінен 185 келіншек жүктілікпен есепке алынды. Нәтиже 45 пайызды құрады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Себебі, әйелдердің жасына, денсаулығына қарай нәтиже өте төмен болатын кезеңдер де болады. Өткен жылдың қорытындысы бізді қуантып отыр. Сонымен қатар 62 келіншек бағдарлама аясында ем-шараларын жалғастырып жатыр. Өткен жылдың соңына дейін 33 сәби дүние есігін ашып үлгерді. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек», - дейді Шымкент қалалық перинаталды орталығының бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекова.

Айта кетейік, ЭКҰ-ға жіберу туралы шешімді Шымкент қалалық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Ал ем-шара жүргізілетін репродуктивтік медицина орталығын әйелдің өзі таңдайды.

«Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама жылына бір мәрте ғана беріледі.