Аңсаған сәби: Соңғы төрт жылда Павлодарға 1106 квота бөлінген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) 2019 жылдан бері 1106 квота бөлінген. Нәтижесінде соңғы үш жылда 272 сәби дүниеге келген.
ЭКҰ бағдарламасы бойынша 2010-2020 жылдар аралығында Павлодар облысына небәрі 335 квота бөлінген. «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесінде квота саны еселеп өсті.
— 2021 жылы ЭКҰ-ға 290 квота ауылдық жерлерге басымдық бере отырып бөлінді. Барлық ерлі-зайыптылар бағдарламаны аяқтап, 112 жұп (38,6%) оң нәтиже алды. 2022 жылы — 281, 2023 жылы — 269, ал биыл 266 квота бөлініп отыр, — деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
«Аңсаған сәби» бағдарламасының үш жылында Павлодар облысында 272 бала, оның ішінде 3 егіз бала дүниеге келген. Биылға бөлінген квота аясында 84 жұп оң нәтиже алып үлгерген.
Еске сала кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 8 мың нәресте дүниеге келді.