Әнші Гару: Байқоңырдан Айға ұшуды армандаймын
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нотр-Дам де Пари» мюзикліндегі Квазимодо рөлімен танымал франко-канадалық музыкант, әнші және актер Гару (Garou) Life.ru сайтына берген сұхбатында ғарышқа ұшу туралы арманымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бір күні Айға ұшып барып, сонда ән салуды армандаймын. Бұл өмірде бәрі мүмкін екенін білемін. Бұл концерт те Айға барған сапарым тәрізді, ең сүйікті әндерімді таңдап алдым. Бір күні Байқоңырдан «Союз» кемесімен ұшамын. Бұл ғарыш айлағында бұрын болғанмын. Бұл 2009 жыл болатын, менің досым Ги Лалиберте («Цирк дю Солей» негізін қалаушы) ғарышқа ұшты. Капсуланың ұшқанын көріп, көз жасымды тыя алмадым. Ги қайта оралған соң кездестік, ол маған фотосуреттерін көрсетіп, өз әсерімен бөлісті. Бұл процессті жақыннан көрдім, менің жолым болды»,- деді музыкант.
Айтпақшы, оның жаңа бағдарламасының бір әні Fly me to the Moon («Мені Айға ұшыр») деп аталады.
Әншінің айтуынша, ол ғарыш сапарында жат планеталықтармен кезігіп қалудан еш қорықпайды, музыка - әмбебап тіл, деп санайды Гару, бұл бәріне түсінікті тіл және жақсы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.
Фото: © EAST NEWS